№3 балалар мен жас-өспірімдер спорты мектебінің жас палуандары 4-9 ақпан аралығында Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып келді.
- Ел чемпионатында жас палуандар жас ерекшелігіне қарай екі топта күресті. Негізі чемпионатқа 1300 бала жиналды, біздің мектептен 9 жас палуан барған еді. Олжалы қайттық деуге болады. 2008-2009 жылдары туған балалар арасында 46 кило салмақ дәрежесінде егіз палуандар Қуаныш пен Мақсат Әнуарбек қола медаль иеленді. Сонымен бірге, 2006-2007 жылдары туғандар арасында 82 кило салмақта Бектас Файзолла да қола медаль еншіледі. Үш жүлдегер де №18 қазақ мектебінің шәкірттері, - дейді бас бапкер Сәрсенбай Болатов.
Айта кету керек, тәжірибелі жаттықтырушы Сәрсенбай Болатовтың шәкірттері көп-теген жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Мұның өзі қазақ күресін дәріптеуге игі ықпал етуде.