Спорттық акробатикадан жастар құрамасының негізін екібастұздық спортшылар құрайды. Олай дейтін себебіміз - таяуда Әзербайжанның Баку қаласында өткен әлем чемпионатына еліміз атынан қатысқан жеті жұптың үшеуі - қаламыздағы «Жасыбай» спорт мектебінің тәрбиеленушілері.
Талай байрақты бәсекеде топ жарып жүрген жерлестеріміз бұл жолы да әлем біріншілігінен құр қол қайтпапты. Айсұлу Исенова мен Нұрсұлу Меңдібаеваның шәкірттері әлемнің ең мықты 27 құрамасы күш сынасқан дүбірлі додада оза шауып, жүлдегерлер қатарынан көрініпті.
Әрине, саңлақ акробаттар бас қосатын жарыста бақпен қатар тәжірибе де үлкен рөл атқарады. Жасөспірімдер арасындағы жұптық сында өнер көрсеткен Ильяс Мұхтасаров пен Назар Воротеляк әлем чемпионатында алғаш рет өнер көрсетіпті. Соған қарамастан 5-орын иеленсе, әлемдік додада екінші рет сынға түскен Елизавета Кохнович пен Дияра Темірболат жұбы үздік нәтиже көрсеткенімен, жүлдеге іліге алмапты. Олардың нәтижесі -4-орын.
Ал Анатолий Пахандрин мен Санжар Сәдуов жұбы әлемде үздік екендіктерін тағы бір рет дәлелдей алды. Тартысты өткен бәсекеде жерлестеріміз күміс медальға қол жеткізді. Аталмыш жұп 2018 жылы Бельгияда, 2021 жылы Швейцарияда өткен әлем чемпионатында да күміс медаль иеленгені көптің есінде болар.
- Аймағымызда спорттық акробатика қарқынды дамып келеді. Жастар мен жасөспірімдер құрамасының сапында біздің көптеген жас акробаттарымыз өнер көрсетіп жүр. Нәтижелері де жаман емес, А.Пахандрин мен С.Сәдуов әлем чемпионатының үш дүркін күміс медаль иегері атанды. Алда ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты мен Азия біріншілігіне дайындықты бастайтын боламыз, - дейді жас акробаттардың бапкері А.Исенова.
Бакуде бағы жанған Анатолий мен Санжар халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері екен. Ұлдар арасында жұптық бәсекеде бақ сынаған спортшыларымыздың басты қарсыласы ресейлік жас атлеттер болса, жерлестеріміз бельгиялық теңдестерінен озыпты.
Таяуда байрақты бәсекеден туған қаласына оралған жас спортшыларға «Жасыбай» спорт кешенінде құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары табысталды.