Қай ауылда бұқаралық спорттың қандай деңгейде екендігін ауылдық округтер арасындағы спартакиада қорытындысынан білуге болады. Спорттың жазғы олимпиадалық, ұлттық және халықтық Ал түрлерінен осындай ІҮ спартакиада 22 қыркүйек күні Төртүйде өтті. «Ұлы дала ұландары» деп аталған жарыс 90 жылдық тойымен ұштастырылды.
Ауыл спортшылары бұл жолы спорттың 10 түрінен шеберлік байқасты. Ең алды-мен үстел ойындары жайында сөз қозғайық. Шахматтан Ақкөл бірінші, Солнечный кенті екінші, Әлкей Марғұлан ауылы үшінші орынды иеленді. Дойбыдан Солнечный кенті командасы мықты екендігін дәлелдеді. Ақкөл екінші, ал Шідерті кенті үшінші орынға табан тіреді. Қазір ұлттық ойынымыз - тоғызқұмалақта да шебер ойыншылар жеткілікті. Мұнда тағы да ақкөлдіктер басымдылық байқатып, жеңімпаз атанды. Екінші орынды спартакиада қожайыны - Екібастұз ауылдық округі командасы еншіледі. Үшінші орын Шідерті кенті командасына бұйырды.
Ертеде әр қазақ баласы асық атуға машықтанған. Сол дәстүр бертін қайта жаңғыру үстінде. Асық атуда ақкөлдіктердің асығы алшысынан түсті. Шідерті кенті екінші, Қоянды ауылдық округі үшінші орынды місе тұтты.
Екі 24 келілік гір тасын көтеруге бапкер Дархан Истаев төрешілік жасады. Ол жарыс алдында қатысушыларға ережені тәтпіштеп түсіндірді. Бапкер әрі төрешінің еңбегі зая кетпей, жігіттер тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Ал командалық есепте ақкөлдіктердің шоқтығы Қай биік болды. Екінші орынды Үшінші орынды Екібастұз ауылдық округі мен Солнечный кенті командалары еншіледі. армрестлингте Солнечный кенті жігіттері дес бермеді. Ақкөлдіктер екінші, шідер-тіліктер үшінші орынға қанағаттанды.
Әйелдер арасындағы стритболға үш команда ғана қатысып, өзара жүлделерді сарапқа салды. Шідерті кенті - бірінші орын, Ақкөл - екінші, Қоянды ауылдық округі -үшінші орын.
Биылғы жылы спартакиада бағдарламасына алғаш рет аударыспақ енгізілді. Ұлттық ат спорты ойындарына ақкөлдіктердің мықты екені мәлім. 80 келі салмақта ақкөлдік Мереке Смағұловқа ешкім шақ келмеді. 90 келі салмақта жас өрен Әділбек Мұхтаров жеңіске жетті. 90+ салмағында сақа жігіт Мейірман Өмірбаев шідертілік Аманжол Узнешті ерден аударып түсірді.
Осылайша, командалық есепте Ақкөл бірінші, Екібастұз ауылдық округі екінші, Шідерті кенті үшінші орын алды.
Жарыс жанкүйердің делебесін қоздырады десек, қазақ күресі тіптен қанын қыздырады. Төртүйдегі жасанды жабындылы футбол алаңында төселген бозкілем үстіндегі белдесулер де солай болды. 80 келі салмақта Екібастұз ауылдық округі палуаны Қадір Қажыгелді жеңімпаз атанды. 90 келі салмақта Мақсат Кәрімов шеберлігімен танылды. Айтпақшы, осы салмақта күрескен жасы қырықтан асқан Садық Шәйкен де әлі бабында екен. Жас палуандар қазақ күресіне адал осындай ардагер палуандардан үлгі-өнеге алуы тиіс.
Ал ауыр салмақта ақкөлдік Еркебұлан Егінбаев пен шідертілік Аманжол Узнештің арасындағы белдесу тартысты өтті. Десек те әрі қарулы, әрі айла-әдісі мол Еркебұлан бұл белдесуде жеңіске жетті. Командалық есепте Ақкөл ауылы бірінші, Екібастұз ауылдық округі екінші, Шідерті кенті үшінші орынды еншіледі. Түйе палуандар арасындағы ақтық белдесу Еркебұлан Егінбаев пен Екібастұз қаласы палуаны Дәурен Зәкариевтің арасында өтті. Мұнда да Еркебұлан жеңіске жетіп, бәске тігілген қойды иеленді.
Кезекті спартакиаданы арқан тартушылар түйіндеді. Биыл да Ақкөлдің сом білекті жігіттеріне ешбір команда төтеп бере алмады. Екінші орынды Теміржол ауылдық округі, үшінші орынды Шідерті кенті командасы иеленді.
Спорттың он түрінен жалпы командалық есепте 684 ұпай жинаған Ақкөл ауылдық округі командасы спартакиада чемпионы атанды. Осылайша, ақкөлдіктер үшінші жыл қатарынан чемпиондық атаққа қол жеткізіп, ауыспалы кубокты біржолата өздерінде қалдырды. 472 ұпайды қоржынына салған Шідерті кенті командасы екінші, 408 ұпай алған Солнечный кенті командасы үшінші орынға тұрақтады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Екібастұз қаласы әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің дипломдары және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.