Қаныбек Масақбаев гір спортымен отыз жасында әуестенген еді. Бүгінгі күні жасы 56-ға толса да, әлі серік етіп келеді. Соңғы 3-4 жыл ішінде үзбей жаттығып, шеберлігін тіптен жетілдірді. Әрине, төккен тердің өтеуі болады. Ол наурыз айында ардагер спортшылар арасындағы облыс біріншілігінде жеңімпаз атанып, Қазақстан чемпионатына жолдама алған болатын. Енді Қостанай қаласынан да олжалы оралды. 73 келі салмақта сынға түскен Қаныбек 24 келілік 2 гір тасын 168 рет жұлқа, 66 рет серпе көтеріп, нәтижесінде күміс медаль иеленіп, спорт шеберіне үміткер атағын алды.
- Менің қуанышыма өзім жұмыс істейтін «Богатырь Көмір» кәсіпорны ұжымы ортақтасып, компания басшылығы әлем чемпионатына қатысу шығынын көтеруге уәде етті. Ер жігіт сенімді ақтауы тиіс, Екібастұз қаласы мен «Богатырь Көмір» компаниясының намысын абыроймен қорғау үшін жаттығуға кірісіп кеттім. Сонымен бірге, гір спортымен шұғылданушыларға қамқорлық жасап жүрген бапкерім Дархан Истаевқа да ризашылық білдіремін, - дейді әңгімесінде күміс жүлдегер Қаныбек Масақбаев.
Жалпы, аға буын спортшылардың жанкештілігі жас буынға әрдайым үлгі емес пе. Ендеше, ардагерлер қолдау мен көмектен кенде болмасын дейік.