Қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Тәртіп сақшысы үшін ұстамды болу аса маңызды. Осындай талап үдесінен шыға білуді мақсат еткен азаматтардың бірі — Тілеген Омар. Ол Баянауыл ауданы Жаңажол ауылында орта мектепті тәмамдады. Кейін әскери борышын Алматы облысы Талдықорған қаласындағы әскери бөлімде өтеп, аға атқыш пулеметші ретінде елге оралады. Қысқасы, пулеметтің тілін біледі. Күзет қызметінде 2009 жылдан бері еңбек етеді. 2011 жылы сүйіктісі Мәдинамен заңды некеге отырып, Нұртас және Аружан есімді ұл-қыздардың ата-анасы атанды.
Полиция болу — екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. «Мен үшін полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, елінде тәртіп орнатуға үлес қосатын мамандық», — дейді кейіпкеріміз.
Тілеген Оспанұлы бейбіт өмірде адал еңбек етіп, стратегиялық нысандарды кірпік қақпай күзетеді. Елі үшін кеудесін оққа тосуға қашанда әзір осындай сарбаздарымызды да біле жүрген жөн деп ойлаймыз.