Серік Сапарбеков мектеп бітірген соң Қарағанды қаласындағы №5451 әскери бөлімінде азаматтық парызын өтеген. Әскерде қүралайды көзге атқан мергендігімен танылыпты. Былайша айтқанда, құқық қорғау саласында дайын маман. Әскери борышын өтеген соң тағдырын осы саламен байланыстырады. Заманауи гуманитарлық университетте «Заңгерлік» мамандығына оқып, Екібастүздағы Күзет бөліміне жұмысқа орналасады.
Өз ісіне тыңғылықты, жауапкершілігі мол маманның өз-өзіне деген сенімі де нығаяды. Өмірлік мол тәжірибе жинаған жастың еңбегі де ақталып, қызметі мен шені қатар өседі. 2012 жылы Полиция батальоны бөлімшесінің командирі, кейін взвод командирінің көмекшілігіне ауысады. Қазіргі уақытта кезекші бөлімнің аға инспекторы қызметін атқарады. Шені — капитан.
«Бала кезімде қару-жарақ асынып, атысып ойнағанды үнататынмын. Қанша ойнасам да жалықпайтын едім. Кейде балалық шақта бастан кешкенімді қазіргі өмірде қайталап жатқандай сезінемін. Қару-жарақтар, басқа да материалдық жабдықтар — менің мойнымда. Біздің жұмыс сан салалы әрі жауапты. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Адамның серігі — сабыр. Шапшаңдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу, адамдармен тіл табысу, сыпайы болу —тәртіп сақшысының бойынан табылуы тиіс қасиеттер», — дейді он жеті жыл осы салада еңбек етіп келе жатқан полиция капитаны.
Серік Ерсінұлы спорт десе ішер асын жерге қояды. Жас кезде Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболға, жүзуге барып, әбден шыныққан. Түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарды. Кейін де осы әдетін жалғастырып, полиция қызметкерлері арасында өткен жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Отбасында да абыройлы. Келіншегі Қымбат екеуі Арсен және Арыстан атты ұлдарына тәлімді тәрбие беруде.