Екібастұз қалалық полиция басқармасының кезекші бөлім инспекторы, полиция капитаны Талғат Белялов - Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің заңгерлік факультеті түлегі. Төртүй ауылының тумасы.
Еңбек жолын 2004 жылы Екібастұз полиция бөлімінде жедел уәкіл болып бастайды. 2014 жылдан бері кезекші бөлімде қызмет атқарады. Жас маманға сол жылдары Самат Ергебаев, Әлиасқар Баженеев, Нұрлан Әбдрахманов сынды кәсіби полицейлер тәлімгерлік етеді.
Полиция қызметкерлері күні қарсаңында Талғат Маратұлымен арнайы жолығып, қарбаласқа толы полиция тірлігі, қоғамда жиі кездесетін келеңсіздіктер төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
- Талғат Маратұлы, халқына қызмет етуді мансап емес, парыз деп ұққан полиция қызметкерлерінің азат елдің туғыры мызғымауы жолындағы атқарып жатқан еселі еңбектері жемісті болсын деп тілейміз. Біздің қоғамда ашылған ондаған қылмыстар мен жазасын алған қылмыскерлер туралы көп жазыла да, айтыла да бермейді. Әйтсе де бүгінгі сұхбатымызда кезінде дүрбелең туғызған қылмыстық оқиғаларды емес, керісінше, ашылмай қалған атышулы қылмыстар мен жазасын алмаған қылмыскерлер жайлы әңгіме құруға қалай қарайсыз?
- Жасаған қылмысы үшін жазасын алмай жүргендер бар. Бірақ ондайлар заң тарапынан жазасын алмай жүре бергенімең бәрібір біреуге істеген жамандық адамды тыныш жатқызбайды. Әр қылмыс ерте ме, кеш пе өз жазасын алады деу тым қарапайымдылық болар, бірақ, меніңше, ар жазасы бар жазадан ауыр.
- Сондай бірді-екілі оқиғаны есіңізге түсіре аласыз ба?
- 2000-шы жылдардың басында №13 мектептің аумағындағы спорт алаңынан жерге көмілген адамның жарты денесі табылды. Яғни, бір қолы мен аяғы. Бізді таң қалдырғаны, су өтпес пакеттің ішіндегі мүрде иістенбегең бұзылмаған күйі сақталған. Басы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 77-үйдегі подъездердің біріндегі қоқыс құбырының жанынан табылды. Ертеңгілік подъезді тазалап жүрген аула сыпырушы байқап, дереу полицияның кезекші бөліміне хабарлаған. Кейін ол адамның Абай көшесі, 49-үйде тұрғанын анықтадық. Көршілерінің айтуынша, ішкілікке салынған адам екен. Оның өліміне себепші болған кім? Денесін бірнеше бөлікке бөліп, әр жерге тастайтындай қандай кінәсі бар еді? Өкінішке орай, нақты айғақтар болмағандықтан қылмыс ашылмады. Бірнеше жыл өткен соң кезекші бөлімге жас әйел келді. Өзін ресейлік азаматпын деп таныстырған ол әкесінен мұрагерлікке қалған қалған пәтерді рәсімдеу үшін анықтама алуға келіпті.
- 2006 жылы біздің қалада екі күнде 7 қылмыстық оқиға тіркелгені есімізде. Соның бәрі ашылды ма? Жалпы, осы қылмыстық оқиғалардың бір-бірімен байланысы болды ма?
- Иә, қылмыстық оқиғалардың бәрі дерлік уақытында ашылды. Әрі бұл оқиғалардың бір-біріне еш қатысы жоқ. Біреуі отбасылық жанжал кезінде орын алса, екінші оқиғада жастар арасындағы төбелес соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Жоғарыда аталған қылмыстық оқиғалардың біріне тоқталып өтейін. Оны ашқан - бір жылдары қалалық полиция бөліміне басшылық еткен Самат Ергебаев. Қала сыртынан мүрдесі табылған жас қыз кафелердің бірінде жігіттермен көңіл көтерген. Түннің бір уағында жігіттердің бірі оны қала сыртына алып шығады. Оны зорламақ болған әрекетінен ештеңе өнбеген соң сол жерде өлтіріп, көміп кеткен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері сол алаңды жедел қоршайды. Ешкімді жолатпайды. Самат Ергебаев түртінектеп, айғақ іздестіреді. Кезіккен әр затқа жіті үңіліп жүргенде көрінер-көрінбес боп жатқан шиыршықталған қағазға көзі түседі. Қолына алып қараса, телефон нөмірі жазылған. Телефон арқылы әлгі нөмірді тереді. Тұтқаның ар жағындағы дауыс қызбен кафеде кездесіп, танысқанын жоққа шығармайды. Біраз уақыттан соң қыздың басқа үстелдегі жігіттерге барғанын айтып, олардың түр-түсің киген киімдерін сипаттап береді. Кейінгі танысқан жігіттерді еш қиындықсыз тауып алдық. Солардың бірі қылмыс жасағанын мойындады.
- 2010 жылдары гараж қоғамдастығы тұсынан ер азаматтың мүрдесі табылды. Алайда бетін тышқандар жеп қойғандықтан кім екенін анықтау мүмкін болмағанды. «Азаматты танитындар болса, полицияға хабарласыңыздар» деген хабарландыру жер-жерде жарияланды. Бұл оқиға ел арасында дүрбелең тудырғандықтан есімде қалыпты. Бұл азаматтың кім екені ақыры анықталды ма?
- Біз хабар түскен бойда гараж маңына жеттік. Марқұмның көз жұмғанына екі-үш сағат қана өтіпті. Осы уақытта тышқандар бетінен түк қалдырмаған. Тек аузындағы алтын тістері ғана жарқырап тұрды. Бұрынғы мекенжайы бойынша әйелі мен өгей қызын таптық. Ішкілікке салынғаны үшін ажырасып кеткен екен. Бұл қылмыс та ашылмаған күйі қалды.
- Бүгінде кісі өліміне соқтыратын ауыр қылмыстар жиі жасала ма?
- Көңілге қуат етерлігі, оқта-текте болмаса, мұндай қылмыс түрлері азайды.
- Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
- Азаматтық қоғам қалыптасты. Алдын алу жұмыстары жақсы жолға қойылған. Көшелерде бейнекамералар бар... Тәртіп бұзылса, халық бірден 102-ге хабарласады.
- Күніне қанша қоңыраулар түседі?
- Тәулігіне 70-80 қоңырауды тіркейміз.
- Бүгінде қылмыстың қандай түрлері жиі жасалады?
- Заманына қарай қылмыс та түрленген. Соның ішінде интернет алаяқтық белең алып тұр. Технологияның тілін мықты меңгерген әккілер қаржы пирамидалары, ОLХ, Крыша.кz сайттары арқылы елді арбауына түсіреді. Алаяқтық фактілері орын алған жағдайда тез арада полицияға хабарлау қажет. Алаяқтықпен күресті бүкіл ел болып жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл - баршаға ортақ іс.
- Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көптен-көп рахмет!