Қоғамдық тәртіпті нығайту, яғни, қауіпсіздікті сақтауда күзет қызметкерлерінің еңбегі зор. Тәртіпті қатаң қадағалайтын сақшылар тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі дайындықпен жүреді. Асқан қыраәылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес.
Бүгін біз «Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесі Екібастұз қаласы полиция батальоны тізгінін ұстап, халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауға үлес қосқан, бүгінде зейнет демалысына шыққан Жұмағалы Бейсембаев жайлы сөз қозғамақпыз.
Полиция подполковнигі Жұмағалы Қайырлыұлы -құқықтану маманы. Еңбек жолын 1992 жылдан Екібастұз ІІБ жанындағы милиция ротасының милиционерінен бастаған. 1997-2004 жылдар аралығында Екібастұз ҚІІБ жанындағы күзет бөлімі милиция ротасының взвод командирі қызметін атқарды.
Жұмағалы Қайырлыұлы - мансап баспалдағымен кезең-кезеңмен жоғарылаған білікті маман. Жас мамандарға үнемі үйретуден жалықпаған шебер ұстаз екендігі 2004-2010 жылдары Павлодар облысы МКҚБ Екібастұз қ. полиция батальонының кадр жұмысы жөніндегі полиция батальоны командирінің лауазымында болған уақыттарынан белгілі. 2010 жылдан бастап Павлодар облысы МКҚБ Екібастұз қ. полиция батальоны командирі қызметін бүгінгі күнге дейін атқарды. Әріптестеріне аса қамқорлық танытып жүрген азамат ретінде ерекше құрметке ие.
Аға буын әріптесімізді құрметті демалысқа шыққан қуанышты күнімен құттықтаймыз! Адал еңбегіңіздің зейнетін көріп, ұзақ ғұмыр кешіңіз, құрметті Жұмағалы Қайырлыұлы!