2008 жылы қаламызда Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Естай Беркімбаев сынды тұлғаларға ескерткіштер қойылды. Әр ескерткіштің ашылу сәті ерекше мереке еді. Әжелер шашу шашып, қаумалаған қалың ел әнші-күйшілердің өнерін тамашалап, өлең оқылып жататын. Абай ескерткішінің жанында Абай ақынның туған күнінде көпшілік мәре-сәре болушы еді. Бұл ескерткіштердің шаһар төрінен орын алуына қаланың сол кездегі әкімі Нұрлан Нәбиев ұйытқы болғаны белгілі. Бір қызығы, қазіргідей емес, әкімдіктің бірталай қызметкері салаға қатысы бар-жоғына қарамастан рухани шаралардың бел ортасынан табылатын.
«Отарқа» газетінің фотоархивінде Екібастұздың тыныс-тіршілігінен хабар беретін көне фотосуреттер аз емес. Сондай суреттерден кезінде қала әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет бөлімдерін басқарған Ерлан Қабдыловтың бейнесін жиі ұшыратуға болады.
Ерлан Мақсұтұлы 2007-2009 жылдары ішкі саясат бөліміне, 2009-2012 жылдары мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылық етті. Елгезек азамат кеншілер қаласының мәдениетіне серпін берді, талай жақсы бастамалардың жүзеге асырылуына үлесін қосты. Ол жылдары «Жігіт сұлтаны», «Наурыз аруы» байқаулары да аса нақышты өтіп, нағыз шоуға айналды.
Қаламызды Александр Вербняк басқарған тұста Екібастұз өнерпаздары Қараөткел жәрмеңкесіне қатысып, 2-орынға ие болды.
- Жәрмеңкеге әр өңір сән-салтанатымен барды. Киіз үйдің безендірілуі жағынан бізді он орап алатын бәсекелестер болды. Бірақ біз қонақжайлық қасиетімізбен озып кеттік, - дейді Ерлан Мақсұтұлы сол шараны есіне алып.
Бұл байқауда екібастұздықтар жүлдеге 2 камералы тоңазытқыш алыпты. «Көп ойланбастан тоңазытқышты Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесі жанындағы қонақүйге сыйға тарттық», -деді Е.Қабдылов.
Бірде қаламызда жазушы, ақын Әкім Ысқақтың шығармашылық кеші өтті. Ерлан Мақсұтұлының бас-көз болуы-мен өткен бұл кештің де көрерменге бергені мол болды. Кеште мектептерде директор болып жүрген азаматтар жазушының монологтарын оқып, қошеметке бөленді.
Ерлан Қабдылов 2013-2015 жылдары Қоянды ауылында әкім, 2016-2019 жылдары Екібастұз қалалық тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында директор, кейін «Қазпошта» АҚ Екібастұз қалалық пошта байланыс торабының басшысы болып еңбек етті. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласының мемлекеттік архивін басқарып отыр.
Айта кетерлігі, архив былтырғы жыл соңында үш қабатты жаңа ғимаратқа қоныс аударған еді. Осы бір тарихи оқиға ақжүрек азамат басшылық еткен кезеңге тап келіпті.
- Архивте 23 адам еңбек етеді, оның 18-і - архившілер. Күн сайын 30-40 адам өтініммен жүгінеді, өтініштердің дені зейнетке шығатын азаматтардың еңбек өтілдеріне қатысты. Электронды түрде де жүгінетіндер баршылық. Ескі ғимараттан әлі көшіп болған жоқпыз. Ұжымымызда кілең әйел адамдар еңбек ететіндіктен, темір сөрелерді тасу, жоғарғы қабаттарға көтеру оңайға түспейді, - дейді Ерлан Мақсұтұлы.
Архивтен, әрине, жұрттың бәрі іздегенін таба бермейді. Кей адамдар еңбек еткен кәсіпорындар жойылып кеткен, кезінде құжаттарын архивке тапсырмаған болып шығады. Ондайда қолдан келер шара жоқ. Қазіргі кезде архив құжаттары біртіндеп сандық нұсқаға көшірілуде. Демек, келешекте құжаттардың жоғалу немесе жарамсыздық қаупі болмайды және іздегенде табу да оңай.
Ерлан Мақсұтұлы жұбайы Альфиямен Ақмарал атты қыз, Нұрлан атты ұл тәрбиелеп отыр. Ақмаралы Батыр атты азаматпен шаңырақ құрып, Мұстафа, Нұрхан атты тәтті жиендерін дүниеге әкелді.
- Нұрлан Нәбиевтен ағалық қамқорлықты көп көрдім. Балама сол кісінің атын қойдым, - дейді ол.
Ерлан Мақсұтұлының жұбайы Альфия Мәжитқызы №25 қазақ қыздар гимназиясында еңбек етеді. Ұжымына сыйлы, саналы шәкірт тәрбиелеп, түрлі додаларда шеберлігімен танымал болған ұстаз.
Мұғалім мамандығы Ерланның өзіне де алыс емес, еңбек жолын Ақсу қаласы Шығанақ ауылының Калинин ЖОББМ-де бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Кейін «Достық» ЖОББМ-де директорлық қызмет атқарды. Әкесі Мақсұт та елге еңбегі сіңген ұстаз, «Ақсу қаласының құрметті азаматы» атанған абзал жан. Ата-анасы Мақсұт пен Рузия - ауыл-елінің құрметіне бөленген қадірлі жандар, жұртқа қонақжайлығымен де танылған шаңырақ.
Жалпы, Ерлан туған ұясынан қарапайымдылық, жанашырлық, үлкенге ізет көрсету қасиеттерін алып шықты. Қызметте жүрген кезде де, тағдырдың қиын сынақтарын бастан кешкен сәттерінде де ол осы қасиеттерінен айнымады. Қашан көрсең, амандығы түзу, айналасындағы адамдарға ілтипаты ерекше.
Таяуда Ерлан Мақсұтұлы 50 жасқа толады. Ақсу өңірінде туған азамат жалынды жастығының талай жылын Екібастұзға арнап келеді. Ақ тілеулі азаматқа біз де мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.