13-14 қазан күндері Астананың Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының «Ел бірлігі» кубогына республикалық дебат турнирі өтті.
Қазақстан Президентінің Жолдауларын жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайту, жастарды зияткерлік тұрғыда дамытуды көздеген шараны Қазақстан халқы ассамблеясы, «Ассамблея жастары» РҚБ және «Ұлттық Пікірсайыс Федерациясы» РҚБ ұйымдастырды.
Атап өтерлігі, Қазақстан халқы ассамблеясы мұндай турнирді алғаш рет ұйымдастырып отыр. Оның ерекшелігі — команда құрамының әрұлтты болуына қарамастан, таза мемлекеттік тілде өтуінде. Пікірсайыстың америкалық, британдық және президенттік форматтары қолданылған тартысты бәсекеге барлығы 40 адам қатысты. Және әр 20 команданың бір өкілі басқа этностан болуы міндеттелді.
Республика күніне орай ұйымдастырылған пікірсайысқа жасанды интеллектіден келетін қауіп-қатер мен нейро-желілерді қаржыландыру тақырыптары негіз болды. Турнир аясында қатысушылар Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Ассамблея төрағасының орынбасары — хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановпең кездесті. Палата төрағасы талантты және білімді жастарды қолдаудың маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, Сенат төрағасы палатаның жастарды қолдау бағытында атқарып келе жатқан жұмыстарына тоқталды. Мемлекеттік басқару ісіне жас буынды тартудың, тиісті жобалар мен заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы олардың азаматтық әлеуетін жандандырудың маңыздылығына да назар аударды. Бұған қоса, ол Сенат жанындағы Жас сарапшы-лар клубының және Талдау мектебінің қызметіне шолу жасады.
Республикалық дебат қорытындысында I орын Дәулет Нүркен мен Элина Амурлаеваға бұйырды. Жүлделі II орынды Жақсылық Бекхан мен Бох-ромжан Турсунходжаев алды. Ал III орынды екібастұздық Елемес Сламбек пен Диана Хабибулина місе тұтты. Бұдан бөлек, Әсет Ахмедов «Үздік медиа» аталымын жеңсе, Исахан Нұрбақыт «Үздік спикер» бо-лып танылды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандарға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Жүлде тұғырынан көрінген Елемес Сланбектің «Қайнар» ББК-індегі дебат. клубына жетекшілік етіп жүргенін атап өту ләзім.