Қала әкімі Ардақ Қаңтарбаев Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Көрпе-fest» мегафестиваліне қатысқан екібастұздық қолөнер шеберлерін марапаттады.
Өткен жылдың қараша айынан бастап облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қолдауымен бастау алған қолөнер фестивалі аясында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің кавалері, белгілі дизайнер Ырза Тұрсынзада ханым ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар бойынша шеберлік сағатын өткізді. Шеберлік сағатына Екібастұздан 28 шебер қатысқанды. 28 шебердің 18-і қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып, арнайы сертификатқа ие болды.
Шеберлік сағатында бағын сынаған Армангүл Алина көрпе тігумен үш жылдан бері айналысып жүр. «Кішкентай кезімде іс тігетінмін. Тұрмысқа шыққаннан соң енем үйретті. Ол кісі - қолөнер шебері. Жеті баланың анасымын.
Бала тәрбиесімен үйде отырғандықтан шұғылдануға өте оңтайлы жұмыс. Осылайша әлеуметтік желі арқылы көрпе тігудің қыр-сырын үйрене бастадым. Қызығушылығыма қолдау білдірген жолдасым тігін машинасын сатып әперді. Аз-аздап тапсырыс ала бастадым. Бүгінде тұрақты клиенттерім де бар. Төрт көрпе, төрт жастықты тігуге 1 айдай уақыт кетеді.
Қазір ою-өрнекке жануарлардың бейнелерін үйлестіріп тігудемін. Сатуды инстаграм парақшам арқылы жүргіземін. Шамамен бір көрпем - 12 мың теңге. Ішіне таза мақта салынады», - дейді шебер.