Ақын, әнші, композитор, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының ағашқы мүшелерінің бірі - Естай Беркімбайулының немересі Зекен Жанәбілқызы 90 жасқа толды. Естай атындағы Екібастуз балалар музыка мектебінде өткен «Асылдың сынығы» атты кеш Естай жайлы деректі фильммен басталды. Сахна төріне көтерілген қала әкімі Ержан Иманзаипов қазыналы қарияны мерейтойымен қуттықтап, қурмет көрсетті.
Естай бабаның ұрпағы - Зекен апа 1929 жылы 15 қазанда Қаражар ауылында дүниеге келген. Осы ауылдың атақты ұстасы Әбіш ақсақалдың қасында балғашы болып жұмыс істеген. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп отырған асыл жанның мерейтойын қолдаған Павлодар облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, архив басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің құттықтау хатын Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармонияның басшысы Амангелді Қожанов табыстады. Содан соң мерейтой иесіне Естай атасының портреті сыйға тарту етілді.
Асылдың сынығы - Зекен апаны мерейтойымен құттықтауға арнайы келген Павлодар облысы Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Әбілқақ Түгелбаев:
- Құрметті Зекен апа, бүгінгі мерейтойыңыздың куәсі болайық деген ниетпен келіп қалдық. Мына сахнаның төрінде жазылған «Асылдың сынығы» деген атау - жүректен шыққан сөз. Естай бабамыздың аты әлемге жайылып жатыр. Теңдесі жоқ дарын екенін барша қазақ мойындады. Былтырғы жылы біраз азамат Түркия елінде «Түркісой» қорының ұйымдастырумен өткен Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерей-тойына қатыстық. Сол жерде Естайдың әндері шырқалғанда әнді жылап отырып тыңдағандарды көрдім. Өнердің құдіреті ғой, Естай даңқы, әндерінің бүкіл түркі әлеміне тарағанының куәсі болдық. Міне, осындай қасиетті адамның ұрпағы Зекен апаның мерей-тойы баршаңызға құтты болсын! Асыл жанның өзінен тараған ұрпақтары өсіп-өніп, бабаларының ізін жалғасын, - деген ақжарма тілегін айтты.
Ақкөл ауылының тұрғыны Қабылқайыр Райымқұлов пен қалалық мәслихаттың депутаты Манат Алғамбаров құттықтап, халық қалаулысы Зекен апаға ат мінгізді. Ақын Жұмағали Қоғабай жырдан шашу шашты.
Жиналған жұртшылық Иса Байзақов атындағы филармонияның өнерпаздары мен Рүстембек Омаров атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады. Сондай-ақ, сахнада әнші-композитор Естай Беркімбайұлының «Қорлан», «Юран-ай», «Жай қоңыр», «Кіші қоңыр» сынды көптеген әндері шырқалды.
Ұлтымыздың сарқылмас қазынасы, тұлға бойы тұнған шежіре, көнекөз қария Зекен апа:
- Құрметті халқым, ел-жұртым, азаматтарым, туыстарым, баршаларыңызға басымды иіп рахмет айтамын! Өмір жастарың ұзақ болсын, Алланың нұры жаусын! Аруақ сыйласаңдар, сіздерді Құдай сыйласын, - деп алғысын жаудырды.
Естай сөзін жеткізген кейінгіге
Атасы отырғызып тізесіне,
Құлағына ән құйған ұзақ күнге.
Естай ақын немересі - Зекен апа
Шығып отыр тоқсан жас белесіне,
Бұйырған есті әңгіме үлесіне.
Бұйырған есті әңгіме үлесіне,
Сақтай білген мұраны келесіге,
Кеудесі Зекен апа -
алтын сандық,
Естай сөзін жеткізген
қаз-қалпында,
Қалдырмай еш деректі
күресінге!
Қалдырмай еш деректі күресінге,
Дақ түсірмей Естайдай ұлы есімге,
Тоқсанға тың қалпында
жеткендігі -
Асыл тек, бекзат берен сүйегінде,
Атасына ақ, адал жүрегінде!
Атасына ақ, адал жүрегінде,
Етене елмен сүрген ниетінде,
Естайдың тірі көзі - Зекен апа,
Шығып отыр тоқсан жас белесіне,
Ел-жұрт боп ардақтап
бас иеміз де,
Тілейміз көшіне өмір ілесуге!
Жассерік Сәдуақас