Хакім Абай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген емес пе, қазіргі заманда ислам діні жүрегіне ұялаған балалар қатары көбейіп келеді. Мұндай балалар мешіттерде ұстаздардан тәлім алып жүр. Осындай шәкірттерді ынталандыру мақсатында 12 шілде күні Қылдыкөлдегі «Исабек ишан» діни-тарихи кешенінде Мұхаммеднияз намазханасында Құран жарыс өткізілді.
Діни іс-шараны Ақтоғай кентіндегі Жандарбек қожа мешітінің бас имамы Ахметолла қажы Қожахметов ұйымдастырды. Сайысқа Павлодар қаласындағы Ақ-мешіт, Омар-Фарух, Ғазиз мешіттерінен, сонымен бірге, Екібастұз қаласы, Солнечный кенті, Ертіс, Ақтоғай, Май аудандары мешіттерінен 18 шәкірт қатысты. Талабы таудай балалардан Манап қари, Әкбар қари, облыстық Мәшһүр Жүсіп мешітінің найб имамы Нұрислам емтихан алды. Негізі, дінді насихаттау үшін Құран-Кәрімді насихаттау жөн. Сайыстың бірінші бөлігінде 11 шәкірт Құран-Кәрімнің Шамс сүресінен Нас сүресіне дейінгі 23 сүресінен сынақ ұстап, жатқа оқыды. Содан соң 7 шәкірт құранды мәнерлеп оқудан жарысты. Емтихан қабылдаған қарилар шәкірттердің діни біліміне риза болып, жатқа, мәнерлеп оқу техникасы жайлы кеңес берді.
Енді Құран жарыс қорытындысы туралы айтар болсақ, жатқа оқуда I және II орынды, тиісінше, Жандарбек қожа мешіті шәкірттері - ағайынды Әлихан және Қуаныш Мұратовтар иеленді. Жүлделі III орын Арман Хамитқа бұйырды.
Мәнерлеп оқуда І орынды Ақтоғай ауданынан Азамат Қапалбай жеңіп алды. Екібастұз қалалық мешіті атынан қатысқан Ахмат қожа Юнусов - ІІ орынды, Солнечный кентінен қатысқан Нұрсұлтан Есенгелдинов ІІІ орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Жандарбек қожа мешітінің имамы Ахметолла қажы Қожахметов пен Қанат қажы Жандарбеков мадақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Жиналған қауым түскі астан соң әулие Исабек ишан мен ұрпақтарына құран бағыштап, киелі мекенде зиярат жасады. Осыдан кейін ұстаздар мен шәкірттер арасында садақ атудан жарыс өткізілді.
Айтпақшы, «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» демекші, тәлім-тәрбиелік маңызы зор діни шараның жергілікті халық кие тұтатын «Атам зиратында» ұйымдастырылуы шәкірттерге пайдалы болды. Олар Арқа жерінде мұсылмандықты уағыздаған Исабек ишан жайлы деректерге қанығып, білімдерін толықтырды.