Бүгінгі мақаламызда қояндылық Темірлан Мұстафин жайлы әңгіме қозғамас бұрын дарынды баланың көзіндегі ұшқынды танып, жүрегіне от берген Максим Микеенконы оқырманға таныстыру артық болмас дедік.
Максим Михеенко - мектептегі ойынқұмарлығын үлкен бизнеске айналдырған әлемдік ойын студиясының негізін қалаушы. Ресейде Ульянск қаласында қарапайым отбасында тәрбиеленген. Бүгінде ол - Ресей және АҚШ мемлекеттерінің азаматы. Google және Uber-мен ынтымақтаса еңбек етуде.
Михаилдың бір ерекшелігі, ол посткеңестік елдерде ІТ саласындағы талантты жастарды ұдайы назарында ұстайды. Болашағынан зор үміт күттіретін баланы қамқорлығына алып, ақыл-кеңесін береді, қажет болса ынталандырып отырады.
2D,3D аутсорсингімен танымал әрі ірі жобаларға анимациялар мен бағдарламалар құрастыратын «1518 Studios» студиясының негізін қалаушы М.Михеенко Екібастұз өңіріне де ат басын бұрып, өнертабысқа жақын балалар үшін шеберлік сағатын өткізген еді.
Осы кездесуге Қоянды орта мектебінің 11-сынып оқушысы Темірлан Мұстафин де қатысқан - ды. Ол өзінің алғашқы ойынын 2-сыныпта оқып жүргенде құраған екен.
Бұл кездесу баланы шабыттандырып, жігерлендіре түсті. Ол шара соңында әйгілі маманға жақындап, өзінің идеясын бөліседі. М.Михеенко да баланың әңгімесін зейін қоя тыңдап, компьютерлік ойын құруға қатысты тестілеуден өтуді ұсынады. Өзінің жасаған бағдарламасына көңілі толмаған бозбала оны әлі шикі деп таниды. Әитсе де конкурста бағын сынағасы келеді.
Темірланның виртуалды ойындар индустриясына жасаған алғашқы қадамы сәтті болды. Болашашақта осы бағытта өзін дамытып, білім алсам деген жоспары бар.
Бозбала конкурсқа қандай жұмыс ұсынды? Енді осы тақырыпты індете түссек. Мамандардың назарына іліккені - RobІох онлайн-бағдарламасы негізіндегі Екібастұздағы көмір кеніштері жайлы авторлық ойыны. RobІох, бұл -қолданушыларға өз ойынын құрастырып, ойындар ойнауға, жүйеде отыратын өзге адамдармен сөйлесуге мүмкіндік беретін виртуалды платформа. Ойынға күніне 800 мың ойыншы кіреді екен. Ал RobІох-тың әлем бойынша 16 млн қолданушысы бар. Виртуалды ойынқұмарлар үшін бұл жер айрықша әлем, қаншама адам бос уақытын онлайн кеңістікте белгілі бір кейіпкер ретінде өткізеді. Мысал үшін танымал Аdort Ме ойындар плейсінде қолданушы белгілі бір жануарды өз күтіміне алып, оны бағып-қағады. Ал Тоver оf НеІІ - ойыны кедергілерден тұратын ойындарды ұнататындар үшін нағыз ғажайып ортаның өзі.
Қысқасы, гейм-девелоперлер (ойын құрастырушылары) үшін Roblох өте тартымды платформа, бұл жерде жақсы табыс табуға да болады. Мұндағы виртуалды жүйе үшін әлем бойынша 2 млн-нан астам құрастырушы ойындар құрастырады.
М.Михеенко 16 жасар оқушының бұл салаға икемі зор екенін айтады. ІТ саласының толыққанды маманы болуға деген ұмтылысын қолдап, RobІох және Sаndbох платформалары үшін жасаған бағдарламаларының нәтижелі шыққанына қуанышты екенін жеткізеді.
Жуықта конкурс ұйымдастырушылары Темірланды Астана қаласына арнайы шақыртып, «1518 Studios» студиясының атқарушы директоры Максим Михеенко жеңісімен құттықтады. Бозбалаға макбук сыйға тартып, анасына баласына сенім артып, қолдағаны үшін алғыстарын айтты. Ал Темірлан үшін бәрінен маңыздысы, аталған компаниядан онлайн режімде сынақ мерзімінен өтуге шақырту түсті. Бұл мүмкіндікті дарынды бозбала мүлт жібермеймін деп отыр. Алдағы уақытта ол оқуын жалғастырып, қашықтан жұмыс істеп табыс табуды мақсат етіп жүр. Бұған қоса өзі үшін аяқталмай қалған жоба - Екібастұздағы көмір кеніштері жайлы виртуалды ойынын жетілдіру қажет деп санайды. Темірланның ойыны арқылы әлемнің ойыншылары жергілікті алып кеніштер, ондағы күндіз-түні бір тыным таппайтын экскваторлар, алып машиналар мен көмір өндіретін өзге де технологиялар жөнінде кеңінен танысып, білмек.