Таяуда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде тарих пәні мұғалімдерінің «Мектептегі тарихи білім: жаңа тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» атты республикалық съезі өтті.
Павлодар облысынан 13 делегат барса, оның екеуі Екібастұз қаласынан. Нақтырақ айтсақ, №25 қазақ қыздар гимназиясының мұғалімі Махаббат Балтабекова және №6 лицей-мектебінің мұғалімі Галина Ли.
- 5 секция бойынша өткен жиында өскелең ұрпақтың тарихи білім алуының өзекті мәселелері қаралды. Ғалымдар мен практиктер тарихты оқытудың қазіргі жай-күйін талқылап, сапалы нәтижелерге қол жеткізудің тиімді жолдары талқыланды, - дейді №25 қазақ қыздар гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі Махаббат Балтабекова.
Съезге қатысқан ғалымдар мен педагогтердің тұжырымдамалары негізге алынып, жаңа бағдарлама, оқу-әдістемелік кешендер құрылады. Съезд қорытындысымен таныстыру мақсатында Павлодар облысы педагогтері үшін наурыз айының екінші жартысына онлайн конференция өткізіледі деп күтілуде.