Жастарды ізгілік пен мейірімділікке тәрбиелеп, білімі мен біліктілігін жетілдіруге бағытталған ерекшелік белгісі екібастұздық 10 жас өренге табысталды.
- 2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы белсенді жастарды қолдау үшін «Ел үміті» жалпыұлттық бастама-сын ұсынған-ды. Аталмыш бастама аясында дарынды балаларды анықтайтын «Қабілет», «Елбасы медалі» секілді жобалар қолға алынды. Бүгінде «Ел-басы медалі» бағдарламасына қатысу Үкімет қаулысымен бекітілген. Мақсаты - өскелең ұрпақты қолдау және ынталандыру. Қоғамның түрлі саласындағы жастарға арналған байқаудың жеңімпаздарын құттықтаймын! - деді Павлодар облысы білім беру басқармасы Екібастұз қаласы білім бөлімнің бас маманы Лилия Ескендірова.
Салтанатты жиында марапатталған үздіктердің қатарынан облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған көптілді лицей-интернатының оқушылары - Елдос Асқарбек, Жансерік Қаныш, Ақниет Нұртай, Ислам Жұмабаев, Әліскер Темірболат, Әрсен Қайырбек, №18 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары - Мәдина Қайыргелдинова, Ғабдығазиз Сейітқали және №4 мектептің оқушысы - Меруерт Алпысова, Екібастұз қаласының «Зерде» дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің оқушы-сы Ділназ Шарапиденова көрінді.