ҚР Президенті 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте «Өзін-өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты онкүндік қарсаңында «Сенім кабинеті» салтанатты түрде ашылды. Шараны мектептің «Жас толқын» ансамблі «Келіншек» күйімен ашты (көркемдік жетекшісі - Амандық Батайұлы).
«Сенім кабинетінің» лентасын мектеп директоры Қарлығаш Тәшенева мен «Жанұя» отбасы орталығының психолог маманы Гүлмира Мұратқызы кесті.
- Кабинетті ашудағы мақсатымыз оқушылардың, ата-аналардың және ұстаздардың бір-біріне деген сенімді қарым-қатынасын нығайту, қиын жағдайда рухани қолдау көрсету, балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру, балалардың өзіне, өзгеге және қоғамға сенімін арттыру болып табылады. Алдағы уақытта кабинет рухани қолдау көрсететін бірегей орталық болады деп ойлаймын, -дейді мектеп басшысы Қарлығаш Қырықбайқызы.
- Бұл кабинетте директордың орынбасары, әлеуметтік педагог, психолог, дәрігер қызмет көрсетеді. Олар оқушыларға, ата-аналар мен ұстаздарға психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік-педагогикалық көмек береді. Кабинет дүйсенбі-жұма күндері жұмыс істейді, -дейді заманауи жабдықталған кабинетті таныстырған мектеп психологы Алмагүл Кәрімова.
Қонақтар назарына «Сенім кабинетінің» жетекшілерімен түскен бейнеролик ұсынылып, шағын тренинг өтті.