«Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде «Жыл мұғалімі -2022» облыстық байқауының қалалық кезең жеңімпаздары марапатталды.
«Жыл мұғалімі - 2022» қалалық байқауында қала және ауыл мектептерінен 15 ұстаз бақ сынады. Қатысушылар алдымен өздерінің кәсіби жетістіктері жинақталған портфолионы, соңғы үш жылда білім беру жүйесіне қосқан үлестеріне қатысты мәліметтерді ұсынды. Екінші кезеңде білім беру әдіскерлерінен, сала ардагерлерінен және тәжірибелі ұстаздардан құралған комиссия дәстүрлі және сыныптан тыс сабақтардың бейнежазбаларын бағалады. Конкурстың қорытынды кезеңінде мұғалімдердің авторлық бейнероликтері көрсетіліп, үміткерлер түрлі тақырыптарға эссе жазды.
«Жыл мұғалімі - 2022» қалалық конкурсының бас жүлдесін №24 гимназия-мектебінің мұғалімі Ботагөз Балтабаева жеңіп алды. №25 қазақ қыздар гимназиясының мұғалімі Альфия Қабдылова I орын жеңімпазы атанды. II орынды Абай Құнанбаев атындағы №2 мектептің мұғалімі Алтынай Айжолова мен №5 ЖОББМ мұғалімі Әлия Ақашева бөлісті. III орынды №9 ЖОББМ мұғалімі Қарлығаш Жақыпова, №11 ЖОББМ мұғалімі Жұпар Жүсіпбаева және №35 гимназия-мектебінің мұғалімі Болат Күлтұманов иеленді.
«Зерттеуші мұғалім» номинациясында №18 ЖОББМ мұғалімі Мәдина Бекенова, «Зерделі ұстаз» номинациясында №4 ЖОББМ мұғалімі Әйгерім Әйтбекова, «Сөзге ұста - ойға шебер» номинациясында №14 ЖОББМ мұғалімі Әйгерім Төкенова атап өтілді.
- Алғаш рет «Жыл мұғаліміне» қатысып, 25 жыл жинаған тәжірибемнің арқасында жүлделі орын бұйырды. №25 қазақ қыздар гимназиясында еңбек етіп жүргеніме 12 жыл толды. «Жас өлкетанушы» деген авторлық бағдарламам бар. Байқау барысында «Мұғалім - өз ісінің шебері» деген тақырыпта бейнеролик дайындап, оқушылармен сабақтан тыс «Қазақтың тыйым сөздері» деген тақырыпта тәжірибе жұмыстарын жүргіздім. Алған әсерім өте керемет. Алдағы уақытта тек қала көлемінде ғана емес, облыстық байқауларда жетістікке жетуге тырысамын, -дейді I орын жеңімпазы Альфия Қабдылова.
Марапаттау рәсімінде Жомарт Қабыкенов және «Очарование» үлгілі хореографиялық ансамблі өнер көрсетті. Конкурстың жеңімпаздары қалалық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы атынан дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.