Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында алғаш рет дарынды, талантты балаларды және батыл іс-әрекет жасаған жас батырларды қолдау мақсатында Павлодар облысы әкімдігі «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығын тағайындаған болатын. Қаламыздағы «Өнер» мәдениет сарайында осы сыйлықтың иегері атанған екібастұздық 33 оқушы марапатталды.
- Соңғы уақытта облысымызда білім беру саласына айтарлықтай назар аударылуда. Ұстаздардың еңбегін бағалау мақсатында «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тағайындалып, 1000 АЕК көлемінде сыйақы белгіленді. Бүгінге дейін 69 ұстаз марапатталды. Биыл алғаш рет дарынды оқушыларға арналған «Тәуелсіздік ұланы» белгісі мен 50 АЕК мөлшерінде сыйақы тағайындалды. Іріктеу кезеңіне 1500 үміткер қатысып, соның 300-і сыйлық иегері атанды, - деді марапаттау рәсіміне онлайн қатысқан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Марапаттау рәсімінде сөз алған қала әкімі Ардақ Қаңтарбаев қаламыздың дарынды, озат оқушыларына оқуда табыс тілеп, белгі мен сертификаттарды табыстады. Марапат оқушыларға ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі, кәсіби, спорттық, шығармашылық шеберлігі мен әлеуметтік маңызды, қоғамдық жұмысы үшін берілді.