Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қаламыздағы «Қайнар» балалардың бос уақытын қамту орталығында сәулет өнерінің озық үлгілерін жасаумен айналысатын, аталмыш орталықтың қосымша білім беру педагогы Атымтай Жұманазаровтың «Қазіргі уақыт пен болашақ - сәулетшінің көзімен» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды.
- Өнерге қызығушылығым ерте басталды. Алғашында Алматы қаласындағы көркемсурет мектебінде, соң Қостанайдағы А. Байтұрсынов атындағы университеттің өнер факультетінде білім алдым. Еңбек жолымды қаламыздағы №18 мектепте көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып бастағанмын, «Қайнар» шығармашылық орталығында «Сәулет макеті» үйірмесін жүргіземін, - дейді шебер Атымтай Қапашұлы.
Көрме залына шебердің қолынан шыққан Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешіті, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақ елі», «Бәйтерек» монументтері, «Нұр-Астана» мешіті, Эйфель мұнарасының макеттерімен қатар, шәкірттерінің де орындаған жұмыстары қойылыпты. Ерұлан Тұрысбектің «Ресіта» және Жасұлан Сыздықовтың «Меркурий» қонақ үйі, Әділбек Усейновтің «Армандаған үй», Жұлдыз Абайдың «Алтын асық» ғимараты балалардың қиялынан туындаған болашақ ғимараттарының макеттері екен.
Үйірмеге балалар қабілеті болса 12 жастан қабылданады. Бүгінде «Қайнар» шығармашылық орталығында 45 оқушы сәулет өнерінің қыр-сырын үйренуде. Темір төзім мен үлкен шыдамдылықты талап ететін өнердің бұл түрін үйренуге 10-11 сынып оқушылары да көптеп келетін көрінеді. Себебі жоғары оқу орнының сәулет өнері факультетіне түсуді армандаған жастар үйірмеден сызу жұмыстарын, масштабты дайындау, детальдарды жинау, оңай макеттерден бастап күрделі макеттерге дейін құрастыруды үйренетін көрінеді. Аталмыш үйірмеде 3 жыл білім алған жас шеберге сертификат табысталады.
- Оқушыларыммен үлкен қалаларда көрме ұйымдастырсам деймін. Басты арманым - шәкірттеріммен бірлесіп қазақы нақыштағы қаланың жобасын дайындау. Біздегі жұмыстар соның бас-тамасы ғана, - дейді А. Жұманазаров.