Қаламыздағы №26 гимназия-мектебінде оқушылар «Жас ұлан» ұйымына қабылданып, ант қабылдау рәсіміне қатысты. Шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылды.
«Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы осыдан тура он жыл бұрын, ел жастарын біріктіру мақсатында Елбасы ұсынысымен құрылған болатын. Содан бері еліміздің мектептерінде бұл үрдіс жалғасын тауып келеді.
- Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында мектебіміздің ең үздік, үлгілі 30 оқушысы «Жас ұлан» ұйымының мүшелігіне қабылданғалы отыр. Оқушыларымызды еліне құрметпен қарайтын, өз елінің әдебиеті мен мәдениетін көтеретін азамат етіп тәрбиелеудеміз. Ел іргесі аман, көк Туымыз биік желбірейтін тыныш заман болсын, - дейді мектеп директоры Қанат Шайхсламов.
Ұйымға қабылданған оқушылардың мойнына ұйымның рәмізі - көк галстукты мектеп директоры Қанат Шайхсламұлы, Достық үйінің басшысы Зәуреш Қонақбаева, қалалық «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Маруаш Сағындықова, «Світанок» украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Любовь Синько және «Беларусь» белорус этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Анатолий Дворак тақты. Айтқандайын, мектеп Достық үйімен ынтымақтастықта «Этно микс» жобасын жүзеге асырып келеді.
Өз кезегінде қабылданушылар елінің патриоты болуға, ел мен жерді, ата-ананы қадірлеуге, оқуда озат, еңбекте адал болуға, табиғатты аялауға ант берді.
- Отанымыздың патриоты болуға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, дәріптеу, еліміз бен жеріміздің, Отанымыздың мақтанышы болуға, ана-анамызды қадірлеуге ант еттік. Ата-ананы қадірлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, табиғатты аялау біздің басты мақсатымыз болмақ, - дейді 5-сынып оқушысы Ақниет Егембергенова.
Шара соңында қалалық «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Маруаш Сағындықова жасөспірімдерге аналық ақ тілегін жолдаса, мектеп оқушысы Айдана Иманбаева ән орындап, көпшілікті өнерімен тәнті етті.