Қарашаның 3-і күні Павлодар қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияда «Елбасы медалі» жобасының ІІІ легі жеңімпаздарына құрмет көрсетілді. Жеңімпаздарды Павлодар облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы құттықтады. Осы жобада облыс мектептерінің 15 оқушысы қола медальға ие болды. Қаламыздағы №18 жалпы орта білім беру мектебінің 9 «Г» сынып оқушысы Әнел Жаналиден қола медаль иегері атанды.
2020 жылы «Ел үміті» бастамасы аясында Тұңғыш Президент - Елбасы Қоры «Елбасы медалі» жобасын бастады. «Елбасы медалі» -жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Жоба аясында қатысушылар 7 бағыт: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы бойынша дағдыларын дамытып, жеке тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуына ықпал етеді.
Алты ай бойы өзін-өзі дамытумен айналысқан Әнел бағдарламаның қола деңгейін сәтті аяқтап, қола медаль иегері атанып, сертификатқа ие болды.