Павлодар қаласында өткен дәстүрлі «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық мәнерлеп оқу байқауының қорытындысы жарияланды.
«Nur Otan» партиясы, Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған әдеби-патриоттық жоба ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Жалпыреспубликалық байқауға Ертіс-Баян өңірінен 1000 оқушы белсене қатысты. Ақтық сында аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 38 жеңімпазы бақ сынады.
Байқау жеңімпазы атану үшін қатысушылар «Едіге батыр» жырының 50 бетін жатқа айтып, қазақ тілі, әдебиет және тарих пәндерінен құрастырылған сұрақтарға жауап беруі тиіс. Қалалық кезеңге Екібастұз өңірінің 12 мектебінен 6-10 сыныптарда оқитын 25 оқушы қатысқан еді. Нәтижесінде екі оқушы топ жарып, облыстық кезеңге жолдама алғанды.
Жас шешендердің мәнерлеп оқу шеберлігін «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Айнұр Мұхамедиярова, облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Амантай, Павлодар облысы білім басқармасы орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Арзанбаева, ақын Асхат Тұрғанбек, тарихшы, «Марғұлан орталығының» меңгерушісі Еңлік Әбеуова, «Найзатас» әдеби журналының жауапты хатшысы Айбек Оралхан және блогер Эльмира Әбетжановалар бағалады.
Осы байқауда Екібастұз қаласындағы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 10-сынып оқушысы Айшабибі Алтынбек өлеңді жатқа оқу мәнерімен ерекше көзге түсіп, 1-орынды жеңіп алды. Екінші орынды да біздің жерлесіміз - Атығай орта мектебінің 9-сынып оқушысы Аяулым Амангелдіқызы иеленді.
Салтанатты шарада жеңімпаз оқушыларға 750 000 және 350 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Шәкірттерін шешендік өнерге баулыған ұстаздарға - І орын үшін 1 500 000 теңге және ІІ орын үшін 700 000 теңге көлемінде сыйақы берілді.