Биыл 80 мыңнан астам адам мемлекеттік білім грантын алуға үміткер болды. Оның ішінде 53 мың қазақстандық талапкер бакалавриат деңгейінде мемлекет есебінен тегін оқуға мүмкіндік алды.
Қалалық білім бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, екібастұздық 703 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге ниет білдірген-ді. Оның 165-і бүгінде мемлекеттік грант иегері атанды. Алдыңғы қатарда - №26 гимназия-мектебі мен №36 лицей-мектебі. Қос білім ордасы 18 мемлекеттік гранттан алған. Одан кейінгі орында 17 грантпен №18 жалпы орта білім беретін мектеп тұр.
Ауылдық мектептер ішінде Бәйет ауылы 6 мемлекеттік грантты иеленіп, көш басына шықты. Айта кетерлігі, Ақкөл ауылдық мектебін биылғы жылы екі түлек тәмамдаса, екеуі де грантқа қол жеткізген.
Облыстық «Зерде» мамандандырылған дарынды балалар мектебін биыл 37 түлек тәмамдаған. Оның 36-сы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 23-і оқу грантын иеленіпті.