Жақсыға жақсы қосылса - қут. Әйел заты үшін өмірінде тірек болар азаматты жолықтыру - тағдырдың тамаша сыйы. 1968 жылдың жадыраған жазы. Целиноград педагогикалық училищесінде оқып жүрген үш қурбы қыз кинотеатрға келді. Ішке кірген бетте екі жас жігіт қасынан өтіп бара жатқан бойжеткендерге жылыушырай бас изеді. Кинодан шыққан соң, қыздар би алаңына бет түзеген еді, әлгі екі жігіт соңдарынан қуып жетіп, сөздері жараса кетті. Көзі мойылдай қара, аққуба, аққудың көгілдіріндей сымбатты Мәруашқа келбетті жігіт Амантайдың көзі сол жолы түскен-ді.
Мәруаш 1949 жылы 2 қазанда Ақмола облысы Ерейментау ауданы Бестөбе кентінде өмірге келді. Әкесі Жолтан - майдангер, Бестөбе алтын кенішінде еңбек етті. Анасы Айтжан Аманжолқызы да соғыс жылдары осы өндірісте жұмыс істеп, қажыр-қайратын көрсетті. Тату-тәтті отбасында екі бала: Қайыр мен Мәруаш әке-шешенің ықыласына бөленіп, ер жетіп, бой түзеді. 1966 жылы Мәруаш Бестөбе қазақ орта мектебінің 8-сыныбын үздік бітіргенде, отбасы Көкшетау облысы Қызыл Ту ауданы «Чапаев» кеңшарына қоныс аударды. Сілеті өзені бойындағы ауыл өзіне ұнағанымен, мұндағы мектепті жатсынды ма, әйтеуір Мәруаш педучилищеге баруды қалады. Сөйтіп, ол тыңгерлер шаһарына тап болды.
Амантай мен Мәруаштің арасында тұтанған сезім оты бірте-бірте лапылдап, уақыт өте келе екеуі бір-бірінің жан дүниесі тазалығын қапысыз ұғып, сөз байласты. 1970 жылы Амантай Масығұтов Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Мәруаш Сағындықова педучилищені бітіріп, сол жаз жігіт пен қыз бас қосып, қалыңдық Төртүй ауылына келін болып түсті. Кеңес дәуірінде жас мамандар қызметке жолдамамен жіберіледі емес пе. Жас жұбайлар қол ұстасып Ақтоғай ауданындағы Қожамжар ауылына аттанды. Қоржын там үйді хан сарайындай көрген ерлі-зайыптылар еңбек жолын бастап кетті. Амантай - агроном, Мәруаш - мұғалім.
- Жас адам тұрмыс қиыншылығына мойымайды. Уақыт тауып кешкілік киноға барамыз. Тәлімгерім болған ұлағатты ұстаз Ханафия Асқаров: «Ел-жұртпен етене араласып кетіңдер. Қазақ оқыған азаматты әрдайым қадірлеген, соған лайық болып, зиялы екендіктеріңді жүріс-тұрыс, іспен дәлелдеңдер» деп ақыл-кеңесін құлаққа құйып жүрді. Қожамжар ауылының үлкендері бізді жассынбай бауырына тартты, кейін әулиелі Ақкөлден де осындай тәлім көрдік, - дейді ризалықпен әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Мәруаш Жолтанқызы.
Келесі жылы Амантай аға «Ақкөл» кеңшарында бас агроном қызметіне кірісіп, жас отбасы әулиелі жерге көшеді. Мәруаш Жолтанқызының Ақкөл орта мектебінде де жолы болды, аймаққа әйгілі Әшім Арынбеков, Қайыркеш Жәкенов, Светлана Байтасова сияқты мұғалімдерден өнеге алып, білімі мен білігін жетілдіріп, педагогикалық тәжірибесін байытты.
Қазақтың өмір сүру салтын діңгек еткен Ақкөл ауылында достыққа адал өздері құралпы жас отбасылар да табылып, ерлі-зайыптылар Еренғайып пен Гүлстан, Тілектес пен Еркінжас, Мақым мен Жәмкеш, Тоқтар мен Орынгүл, Мақсұт пен Үміт - бәрі дос-жаран болып кетті. «Қасиет қонған Ақкөл біз үшін өмір институты болды» деді әңгіме үстінде Мәруаш мұғалім сол бір дәуренді кезеңді сағынышпен еске түсіріп.
Масығұтовтар отбасындағы тұңғыш бала Дәулет дүние есігін Қожамжарда ашқан еді. Ақкөл ауылында үпір-шүпір болып Марал, Самал, Жұлдыз, Қанат және Дулат өмірге келді. Үйелмелі-сүйелмелі балаларды бағып-қағу қызы үшін жеңіл болмасын ойлаған қамқор анасы Айтжан күйеу баласының үйіне келіп, сәбилер әженің аялы алақанының жылуын сезінді. Айтпақшы, бұдан біраз жыл бұрын Жолтан қарт бақилық болған. «Чапаев» кеңшарында атасы мен әжесі бауырына салған немересі Төлепберген де Ақкөл ауылында ер жетті. Мәруаш апайын бауыры «аға» деп атаушы еді, сол Төлепберген апа-жездесінің қолында үйленіп, балалы-шағалы азамат болған кезінде мезгілсіз өмірден өтіп, қайғы жұтқызды. Бір кем дүние деген ғой...
«Ақкөл» кеңшарында бітік егін өсіріп, білікті маман ретінде танылған Амантай Масығұтов 1982 жылдың жазында Екібастұз аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас агроном болып тағайындалды. Ақкөлді қимай-қимай көш түзеген Масығұтовтар отбасына қым-қуыт қала тіршілігіне сіңісу қажет болды. Әсіресе, кішкентай үш баланы балабақшаға орналастыруда қиындық туды. Амал нешік, Мәруаш Жолтанқызы мұғалімдіктен қол үзіп, «Экибастузэнерго» өндірістік бірлестігінің паспорт бөліміне қызметке кірді. Қалада көпбалалы отбасылар сирек, содан болар, көптеген жеңілдіктер жасалады екен. Мәруаш апай жұмысқа орналасқанда кәсіподақ жеңіл көлік - «Жигулидің» кезегіне жазып қойғанды. Көп ұзамай сол кезек жетіп, мұны Мәруаш отағасы Амантайға айтқанында, абдыраған ол келіншегіне: «Дәл қазір көлік сатып алуға шама қайда? Балашағаға «Жигули» тар, «Волга» жөн болар еді деп жалтар» деген ақыл қосады. Бірақ бұл амал да құтқармайды. Бір-екі жыл ішінде кезек тағы келіп қалып, туыстардың көмегімен Масығұтовтар отбасы «Волга» мініп, мәз болады.
Өндірістік бірлестікте жағдайы жақсы болғанымен, Мәруаш Жолтанқызының сүйікті кәсібіне оралғысы келді. Сөйтіп, балалардың алды ер жетіп, қолғабыс тигізген шақта 1986 жылы қаладағы №12 орыс орта мектебіне қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып орналасты. Уақыт зымырап өтіп жатты. Орыс тілді мектептің ішкі өміріне қаныға келе, Мәруаш мұғалім бір нәрсені көңіліне түйді. Мектепте оқитын оқушылардың 60-70 пайызы - қазақ балалары. Олар үшін қазақ тілі бағдарламасы жеңіл, ана тілін меңгеруге аздық етеді. Бұл тұйықтан шығудың жолын ойлаған ұстаз қалалық білім бөлімімен келісе отыра, «Орыс тілді мектепте қазақ тілін ана тілі деңгейінде оқыту» бағдарламасын жасады. Ұлттық болмыс, тәлім-тәрбиеге негізделген бағдарлама сынақтан өтіп, құпталды. Сөйтіп, алғашқы бетте сыныптағы қазақ балалары осы бағдарламамен жеке оқытылып, ана тілінде еркін сөйлейтін халге жетті. Мұның өзі орыс балаларының да қызығушылығын туғызып, бірте-бірте олар да сол бағдарламаға көшті. «Оқушылардың сөздік қор ы мол болуы үшін бата беру, құрдастар қалжыңы және т.б. салт-дәстүрді сабақ мазмұнына енгіздім. Бұл өз жемісін беріп, қазақ тілін меңгерген оқушылар саны артты», - дейді Мәруаш мұғалім ізденісінің ақталғанына көңілі толып.
Сырттай жоғары білім алған Мәруаш Жолтанқызы №12 мектепте көп жыл оқу ісінің меңгерушісі бола жүріп, бірқатар игі бастамаларға ұйытқы болды. Қазақ этно-мәдени музейін ұйымдастырды, кейіннен мектепте славян, татар, неміс ұлттық орталықтары пайда болды.
Қажырлы еңбек, қоғамдық белсенділік еленбей қалмайды. 2002 жылы Мәруаш Сағындықованың өмірінде айрықша оқиға орын алды. Қазақстан Республикасы Президенті Нурсултан Назарбаевтың шақыруымен 8 наурызда ел астанасында қонақ болды. Салтанат сарайында Елбасымен дидарласты, Елорданың көрікті жерлерін аралады. «Павлодар облысынан барған делегацияны Қорғаныс министрлігі де дастархан жайып күтті. Бекітілген бағдарламаға сәйкес кездесуде қазақтың мақтаныштары Қаныш Сәтбаев, Майра Шамсутдинова туралы сөз айтылды. Осы туста батылдығым устап, әңгімеге араласып, әйгілі әнші Естай атамызды айтып, «Қусни-Қорлан» әнін орындап беріп едім, жақсы мен жайсаң қошемет көрсетті. Ал, өзім келін болып босағасын аттаған ел алдында парызмды өтегендей болып, ішкі жан дүнием жадырап қалды», - дейді сол сапардан естелігімен бөліскен Мәруаш муғалім.
2008 жылы мектеппен қош айтысқан ол қалалық білім бөлімінде ардагерлер кеңесінің төрайымы болып қоғамдық қызметке араласты. Мунда қыруар игі істің басын қайырған Мәруаш Сағындықова 2014 жылы Екібастуз қалалық Мусылман әйелдер лигасының төрайымы болып сайланды. Аталмыш уйым 2016 жылы қараша айында «Ана улағаты» қоғамдық бірлестігі болып қайта тіркелді.
- Бірлестіктің басқарма мүшелеріне талғампаздықпен қараймыз. Сөзі, іс-әрекеті, киім киісі, отбасы ынтымағы үлгі-өнеге боларлық апа-әжелерге мархабат. Қазір басқармада 13 адам бар. Әуелгі буыннан келе жатқан Жаңыл Қорғанбаева, Қайырбану Омарова, Алтын Бекбатырова және тағы басқаларына кейінгі буын Ләззат Шушаева, Шолпан Мырзабаевалар қосылды. Бірлестікте «Назерке» қыз-келіншектер клубы жумыс істейді, «Сыр сандық», «Сырласайық, жеңеше» сияқты іс-шаралар үзбей өткізіледі. Басты мақсат - жас урпаққа улттық қундылықтарды дәріптеу, ата-ананың отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру, - дейді «Ана улағаты» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәруаш Жолтанқызы әңгіме арасында атқарылар істер әлі де көп екенін сөзінен аңғартып.
Сөз басын «жақсыға жақсы қосылса - қут» деп бастадық емес пе?! Тату-тәтті ғумыр кешіп келе жатқан Масығутовтар отбасы бүгінгі күні тамырын тереңге жайған мәуелі әулетке айналған. Ұлдарын уясына, қыздарын қиясына қондырып, немере-жиендерін айналып-толғанып отыр. 2014 жылы Масығутовтар «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, қалалық кезеңде І орыннан көрінді. Ынтымақты отбасы балалары ата-анасының бағыттауымен қалаған мамандықтарын алды, спортпен шуғылданып, өнер қуды. Енді сол дәстүрді немере-жиендер жалғастырып әкетті. Баубақша өсіруді унататын әке мен ана тәлімін көрген балалар мен немерелер еңбектің қадірін біледі. Осындайда «Ұяда не көрсең, ушқанда соны ілесің» деген халық даналығы тілге оралады. Жетпіс жасқа бақыттың қушағында жетіп отырған Мәруаш Сағындықова жайлы толғауды осымен тәмамдауға болушы еді, десек те бір сырды ақтаруға тура келіп тур.
Мәруаш муғалім Ақкөл орта мектебінде бізге класс жетекші болды. Кластың ул-қыздары орыс тілі мен әдебиеті сабағында устаздың аузынан шыққан әр сөзді уйып тыңдайтын. Жас болса да, устамды устаз оқушыларды өзіне баурап алатын. Ал қыздар жағы көрікті муғалімнің сөйлеу мәнері, киім киісі, жүріс-турысына еліктеп, бой түзегені анық. Бой ғана емес, ой түзеуімізге де еңбегін сіңірген Мәруаш муғалім арада қаншама жылдар өтіп кетсе де, әлі сол көрікті де сымбатты қалпында. Шамасы, мақсат-муратқа жету, отбасы бақыты әйел затын жасартады, сірә.