Қазақ халқы Кеңестер өкіметі орнағанға дейін Наурыз мерекесі - Ұлыстың ұлы күнін бір ай тойлаған. Бүгінде сол дәстүр қайта жаңғырды. Білім инновация лицейлері халық санасында Наурызды жылдың басы ретінде қалыптастыру үшін осы мейрамды сәуірдің аяғында тойлап келеді.
Екібастұз қаласындағы облыстық көпсалалы көптілді лицейдің ауласында 9 киіз үй тігілді. 8 киіз үйді әр сыныптың ата-аналары құрса, тағы біреуін мұғалімдер қауымы тікті.
Шараны өз мәнінде өткізуге лицейдің педагогтық ұжымы мен осында білім алатын оқушылардың ата-аналары жұмыла атсалысты.
Таңертеңгілік лицейдің ау-ласында пайда болған киіз үйлерді көріп, маңайда тұратын халық таңғалысты. Әр үйдің жанында түрлі ұлттың киімдерін киген ерлер мен әйелдер қауырт тіршілікке кіріскен. Ерлер сексеуіл дайындап, самауыр қайнатса, әйелдер бауырсақ, палау пісіріп, наурыз көже әзірлеп жатты.
Бұл шарадан шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов те шет қалмай, жұртшылыққа игі тілегін арнады. Бұдан ары қала әкімі әр үйді аралап, көпшілікпен етене араласты. Наурыз дастарханынан дәм татып, лицей шәкірттеріне ақ батасын берді.
Қазақ, ұйғыр, қырғыз, өзбек, орыс, шешен, татар, түрік ауылдары болып бөлінген 8 сыныптың өнерпаздары өңмеңіңнен өтер суыққа қарамастан мерекені бастап кетті.
Орыс ауылының өнерпаздары - 9 а мен шешен ауылы - 9 б мерекеге ерекше дайындықпен келген екен. Орыс халқы табиғатынан көңілді ән-билерге жақын ғой. Осы өзгешелігін тап басқан ата-аналар мен оқушылар орыс образына кіріп, өнерін тамашалаған жұртшылықтың қошеметіне бөленді. 10 а сыныбы татар тілінде сөйлеп, биімен елдің делебесін қоздырса, біздің өңірге аса таныс емес түріктің салт-дәстүрін көрсеткен 10 б сыныбының қойылымын жиналғандар сүйсініп тамашалады.
Айта кетерлігі, ата-аналардың балаларымен бірлесіп билеген биі де қызықты болды.
Адамзат үшін рухани байлықтың өлшемі, жан дүниесінің асыл қазынасы - кітап. Лицейде оқушылардың кітап оқуға деген құлшынысын ояту мақсатында жылда кітап оқу сайысы өткізіледі. Биылғы сайыскерлерге жазушы Әзілхан Нұршайықовтың қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы жазған «Ақиқат пен аңыз» және Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» кітаптарын оқу жүктелген екен.
Сайыс нәтижесін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асқар Алиқұлов жариялады. Анасы Маржан Дәлеловамен бірге кітапты тұшынып оқыған 9 «Б» сынып оқушысы Мұхамедияр Сайлаубаев тестілеуде көп ұпай жинап, лицей тіккен спорттық велосипедті жеңіп алды.
Бесін ауғанда мереке де өз мәресіне жетіп, лицей директоры Рүстем Асқаров киіз үй байқауына қатысқан сыныптарды түрлі аталымда марапаттады. Осы күні шараға белсене атсалысқан ата-аналар да ескерусіз қалмай, басшылықтың алғыс хаттарына ие болды. Лицей әкімшілігі ән мен биде өнерімен көзге түскен шәкірттеріне де ілтипат білдіріп, мадақтаманы салтанатты түрде табыс етті.