ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Қазіргі уақытта жер-жерде референдум өткізудің мән-маңызы, ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер жайлы түсіндіру жұмыстары басталып кетті.
Сейсенбі күні Республикалық референдумды қоғамдық қолдау штабының Павлодар облысы бойынша өкілдігінің басшысы, Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов, штаб мүшелері: қоғам белсендісі Ризабек Исабеков және Қазақстанның құрметті журналисі Болат Аманбаев Екібастұзға келіп, «Өнер» қалалық мәдениет сарайында жұртшылықпен кездесті.
Кездесуде ақын Жұмағали Қоғабай, кенші, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов, ардагер Шамғон Мусин сөз алып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер жайлы оң пікір білдірді.
- Мен маусым айында референдум өткелі отырғанын кеше ғана білдім, - деді мәдениет саласының ардагері Шамғон Мусин.
- Осы жасымда жаңа Конституцияға куә болғалы отырғаныма қуаныштымын. Шынында да, Президентті мәңгілікке сайлау деген ешқайда жоқ! Жер мәселесі, сот қызметіне өзгерістер енгізілуі, Адам құқын қорғайтын уәкілге мән берілуі көңілден шығады. Аталған түзетулер енгізілетін болса,құқықтық мемлекетке қадам басатынымызға күмән жоқ, -деді ақсақал.
Жалпы, екібастұздықтардың саясатқа әу бастан құлағы түрік, санасы ояу. Бұл жолы да жергілікті халықтың елімізде болғалы отырған саяси өзгерістерге немқұрайды еместігі жиынның аужайынан байқалды. Референдумға қатысты үгіт-насихатты тіпті вакциналау науқанымен салыстырғандар бар. Қатысушылардың бірі:
- Пандемия кезінде вакцинаны осыншама жарнамалап едіңіздер. Референдумның салмағы вакцинадан кем бе, қалада референдум туралы көрнекі ақпарат жоқтың қасы, насихаты неге төмен? - деген мәселе көтерді. Иә, жергілікті билікке бұл тұрғыда белсенділікті арттыру қажет-ақ. Және әдеттегі жаттанды дағдылардан арылып, түсіндіру жұмыстарын халыққа қолжетімді түрде, егжей-тегжейлі жүргізген абзал. Сонымен қатар, насихат жұмысында тек қана «іпзіадгат» желісін қолдану дұрыс емес, әлеуметтік желіні қолданбайтын азаматтардың да мүддесі тасада қалмауы тиіс.
Конституция - халықтың өмірін қамтамасыз ететін ең басты құжат, оған енгізілетін өзгерістердің салмағын әр азамат түсініп, саяси шарадан сырт қалмауы керек. Және алдын ала әркім ескі мен жаңаны салыстырып, зерделеп алғаны дұрыс.
Айта кетерлік жайт, Қазақстан Конституциясының 33 бабын өзгеріс күтіп тұр, оның ішінде екеуі - мүлдем жаңа баптар. Дауыс беру әрбір бап бойынша емес, тізім бойынша жүргізіледі.