Әр жылдың өз жемісі болады. Тарих қойнауына кеткен 2021 жыл Екібастұз өңіріне не берді? Биылғы 2022 жылдан не күтеміз? Осы сурақтардың жауабын «Өнер» ҚМО-да өткізілген қорытынды есеп беру жиынында қала әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың аузынан естідік.
Экономиканың тегеурінді тірегі өнеркәсіп десек, электр қуатын өндіруде былтыр рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Энергия өндіру биыл тіптен үдей түсуі тиіс. МАЭС-і және МАЭС-2 станцияларында жалпы қуаты 1130 мВт болатын 2 энергоблок жөндеуден соң іске қосылады. Көмір өндіріле түседі, сонымен бірге, көмір хи-миясы орталығын құру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жоба іске асырылса, өндіріске тың серпін беріледі.
Енді теміржол кластеріне келсек, «Проммашкомплект» ЖШС-інде өндіріс қарқын алып отыр. Серпінді клеммалар мен рельстік бекіткіштер үшін бұранда шығаратын «ФерроТрансТрейд» зауыты пайдалануға берілді. «Қазақстан вагон жасау» компаниясының жұмысы жанданып, тапсырыстар алды.
Былтырғы жылы Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспарын Үкіметтің бекіткені белгілі. Сол жоспарға сүйенсек, 2021-2025 жылдар ішінде өнеркәсіптік өндірісте 1 триллион теңгенің өнімі өндірілетін болады. Алдағы уақытта толық қуатына шыққанда жылына 340 мың тонна ферросилиций өндіретін екі ферроқорытпа зауытының құрылысы жүргізіледі.
Енді бюджеттік жобалар туралы сөз қозғасақ, жалпы сомасы 4 миллиард теңгенің 11 іс-шарасы жоспарланып отыр. Мәселен, биылғы жылы №2і шағынаудандағы №4 және №5 көпқабатты үйлердің құрылысы аяқталады.
2021 жылы ауыл шаруашылығы саласында 18,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Мал басының өсуіне «Бизнестің жол картасы», «Еңбек», «Сыбаға» және т.б. мемлекеттік бағдарламалар игі ықпал етті. Өнім өндіру көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында сурамалы алқаптар көбейтіледі. Осы орайда «Құдайкөл Агро» шаруа қожалығының жобасы мақұлданып, «Рахметова А.Д.» шаруа қожалығының жобасы өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралатын болады.
Жаңа Қазақстанды құру - жаңа іс-қимыл бағдарламасын талап етеді. Павлодар облысының іс-қимыл бағдарламасы 6 бағыт құрап отыр: халықтың табысын арттыру, кедейшілікпен күрес, жастарды оңалту, шағын және орта бизнесті дамыту, халықпен байланысты нығайту және инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
2022 жылы Екібастұз өңірінің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мән беріледі. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 6,1 миллиард теңгені құрайтын 24 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, диаметрі 920 мм. және 1020 мм. су тартқыш, Әлкей Марғұлан мен Қосым Пішенбаев көшелеріндегі магистральді су құбыры, Матросов көшесіндегі коллектор жаңартылды. №21 шағын ауданда тоғыз қабатты үш жаңа үй салынды.
Ал «Халықты жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 53 орындық жұқпалы аурулар бөлімшесі іске қосылып, 260 орындық балабақша қалпына келтіріліп жатыр.
Есептік баяндамада білім беру, денсаулық сақтау, өнер мен мәдениет, спорт салаларындағы жетістіктер мен келешек іс-қимыл сараланды.
Баяндама аяқталған соң әдеттегідей сұрақтар қойылды. Солнечный кентінен хабарласқан адам: «Тендер өткізу ережесі жетілдіріле ме, әйтпесе ең төменгі бағаны ұсынған қатысушы жеңеді де, бұл жұмыстың сапалы атқарылуына кесірін тигізеді», - деп орынды мәселе көтерді. Әрине, мұны шешу қала әкімінің құзырында емес. Сол себепті болар, ол сұраққа сырғытпа жауап беріп, көпке белгілі конкурс критерийлерін тізіп шығумен шектелді. Ал шын мәнінде тендер өткізудің қазіргі шарттары көп жағдайда қолға бұғау, аяққа тұсау салып отыр. «Еститін мемлекет» қағидатын жария еткен билік бұл мәселені әлі күнге неліктен естімей жүргені жұмбақ-ақ?!
МАЭС-і станциясында еңбек ететін Серік Серьянов: - №35 орыс мектебінің бастауыш сыныптары мен орта-жоғары буын сыныптары бөлек ғимараттарда оқиды. Мектепті басы бүтін бір ғимаратқа көшіруге болмай ма? - деп сұрады.
- Жуық арада Екібастұз қаласында жаңа мектеп салынбайды. Бізде 5 мектеп жартылай бос тұр. Білім бөлімі алдағы оқу жылында оңтайландыру жүргізеді, сол уақытта №35 мектепке ғимарат табылуы тиіс.
Екі-үш жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға біршама отбасы қоныстандырылды емес пе. Солардың бірі -Гүлмария Садықова еңбек нарығындағы хал-ахуалды білмек болып еді, қала басшысы: «Бүгінгі күні ресми ақпаратқа сүйенсек, 1,5 мың жұмыс орны бос түр. Қалада дәрігерлер жетіспейді, қара жұмыс істеуге қол күшіне зәруміз. Қысқасы, жұмыс табуға болады. Шағын бизнеспен айналысу үшін қайтарымсыз грант беріледі. Тек ықылас пен ниет қажет», - деді.
Төтенше жағдайлар қызметінің ардагері Түсіпбек Жарқынбеков осы сала қызметтері бір ғимаратқа көшірілсе деген ұсыныс жасады. Мұны қала басшысы құптаған жоқ. Ал Дастан есімді жігіттің: «АвтоЦОН-ның жұмыс кестесі өзгертіліп, сенбі күні қабылдау жүргізсе жөн болар еді» дегеніне қала басшысы аталмыш мәселенің шешімін табатынын айтты.
Жазда жұрт суға шомылуды ұнатады. Осы орайда Солнечный кенті іргесіндегі жағажайға шомылу тегін бола ма деген сұрақ қойылды.
- Былтыр жаз жағажай жеке қолға берілді. Ол адам қаражат құйып, жағажайды абаттандырды, ақылы қызмет жасалды. Бұл біреулердің көңілінен шықты, біреулер жақтырмай, дау-дамай туды. Биыл жаз жағажайдың бір бөлігі қоғамдық болады. Онда тегін шомыла аласыз, бірақ ақылы дүниені пайдаланбайсыз. Сонымен бірге, қалаға жақын Ащыкөлден жағажай ашу ойда бар. Мұны уақыт көрсетеді, - деді шаһар басшысы.
ЖЭО ардагері Михаил қарт: «Қазіргі жылу орталығы пайдалануға берілгелі 60 жылдан асты. Орталық әбден тозды. Қалада жаңа жылу орталығы салына ма?» - деп сұрады. Бұл сұраққа ЖЭО өкілі жауап беріп, әдеттегідей тариф төмен, кәсіпорын рентабельді емес деп зарлай жөнеліп еді, қала басшысы: «Қара бұлтты төндірмеңіз. ЖЭО-н модерницазиялау амалын қарастыру қажет. Бұл жөнінде меншік иесімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Тарифті өсіруге жол берілмейді», - деп қатқылдау үн қатты.
Есептік жиында әркім өз жеке шаруасын күйттеп, жарылған құбыр, бітелген кәріз, көлік көп жүретін аула және тағы-тағы осы тақылеттес сұрақтар қойды. Әрине, атқарушы билік мұның бәрін назарға алды.
Қорыта келгенде, атқарушы билік биылғы жылы халықтың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға бағытталған көптеген іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сол қағаз бетіндегі ауқымды істер өмірге сәні бұзылмай көшіріліп, орнықса, нұр үстіне нұр. Мұны алдағы он ай көрсететін болады.