№5 "Жұлдыз" балабақшасының қасбеті қашан жөнделеді?!
- Кезінде «Отарқа» газеті қазақ балабақшаларын көбейту ісінің басы-қасында жүргендіктен, қазақ мектептері мен балабақшаларының жаәдайын назарда ұстауға тырысады. Өкінішке қарай, қаламыздағы аз ғана қазақ балабақшасының жаәдайы керемет емес. Көптен жөндеу көрмеген. Мәселен, №5 «Жұлдыз» балабақшасының сырт келбеті өте ұсқынсыз. Бұл қазақ балабақшасына балаларды тарту ісіне кері ықпал етері сөзсіз. Оларды жөндеуге қашан көңіл бөлінеді?
- Екібастұз қаласында 28 балабақша бар, оның 2-уі -жекеменшік («Сәби Сити» және «Сәулетай»). 26 мемлекеттік балабақшаның 7-уі мемлекетілде тәрбие береді (№ 5, № 12, №14, №16, №23, №26, №27), 19-ы - аралас. Мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақшалар санының арту динамикасы бар (2017 жылы 5-еу болса, ағымдағы жылы - 7). Барлық балабақшада мемлекеттік тілде оқытатын топтар бар.
Соңғы үш жылда таза мемлекеттік тілде тәрбие беретін №26 және №27 жаңа 2 балабақша ашылды, 9 балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2018 жылы №5 балабақша терезелеріне күрделі жөндеу жүргізілді.
№5 балабақшаның шатырын жөндеу жобасы бар. Оны іске асыру және қасбетті жөндеу бойынша жоба әзірлеу мәселесі қаржыландыруды ескере отырып қаралатын болады.
Қылдыкөлге жол салына ма?
- Келесі жылы Қылдыкөлдегі Исабек ишан тарихи-мәдени кешеніне Екібастұз қаласынан Ақкөл ауылы арқылы асфальт жол салынады деген ақпарат бар. Сол жоба республика деңгейінде мақұлданды ма?
- 1-МАЭС-тен Ақкөл ауылына дейінгі жол құрылысының жобасы бар. Бюджеттік өтінім Павлодар облысының жол басқармасына жолданды, қаралуда. Ақкөл ауылынан Исабек ишан кешеніне дейінгі жол құрылысының жобасын әзірлеу 2021 жылға жоспарланған.
«Шахтер» саябағында 2021 жылы қандай өзгерістер болады?
- Бүгінгі таңда біз «Шахтер» саябағын қайта жарақтау жобасын әзірлеудеміз, онда жаңа аттракциондар, веложолдар, демалыс аймағы, аспалы жолдар қарастырылады. Мұның бәрі жасыл желекті сақтай отырып жүзеге асырылмақ. Жобалау және сараптама алу 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.
Абай көшесінде өзгеріс бола ма?
- Абай көшесіндегі магистральді құбырлар жер астымен тартылатыны ұзақ жылдар бойы айтылып келеді. Бұл шаруа жоспарда бар ма?
- Абай көшесін қайта жарақтаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. 2021 жылы аяқталуы тиіс осы жобаға аталған мәмеле ескеріледі.
«Ерекше үйдің» ертеңі
- Ерекше балаларды оңалту орталығының мәселесі шешілді ме?
- «Ерекше үй» орталығы Екібастұзда 2018 жылдан бастап демеушілер қаражатына өмір сүріп келеді.
2021 жылғы ақпанға дейін орталықты «Ansa Silicon» ЖШС қаржыландырады. Қазіргі уақытта аталмыш кәсіпорын қаржыландыруға қатысты оң шешім шығарды. Сонымен қатар, бұл мәселені «ERG Көмек» те қарастыру үстінде.
Атап өтерлігі, 2021 жылы қала бюджетінен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс есебінен жартылай стационар жағдайында арнайы қызметтер көрсету мақсатына 12,5 млн. теңге қарастырылды. ҚР «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңына сәйкес, жартылай стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету субъектілеріне мүгедек балалар жатады.
Анықтама үшін: 2018 жылдың 4 желтоқсанында ашылған балалардың «Ерекше үй» түзету орталығын 2019 жылы 17 550 000 теңгеге «ЕЭК» АҚ «Көмек» қоры қаржыландырып, бұл жылы түзету қызметтері 120 балаға көрсетілді.
2020 жылы орталықты келісімшарт шеңберінде 19 459 777,52 теңгеге «Ansa Silicon» ЖШС қаржыландырып, 103 бала оңалту қызметтерін алды.
Орталық қызметіне 2-15 жас аралығындағы аутист және ақыл-ес дамуында кемістігі бар балалар жүгінуде.