Екібастұз өңірінде осы уақытқа дейін 311 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген. Былтыр 2000-ға жуық отбасы, яғни, 8000 адам мемлекеттен жәрдемақы алып келіпті. Былтырғымен салыстырғанда, көмек алушылар саны неліктен азайды? Жалпы, биыл атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмі қалай өзгерді?
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осы мәселелер көтерілді. Кездесуде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Үміт Айтбаева, тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының директоры Алтыншаш Әбенова және Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Дархан Сарабай журналистердің сұрағына жауап берді.
Біз мақаламыздың басында көпбалалы отбасыларға тағайындалған республикалық бюджеттен бөлінетін мемлекеттік жәрдемақы мен жергілікті бюджеттен бөлінетін атаулы әлеуметтік көмектің аражігін ашып көрсетуді жөн көрдік.
Мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджеттен төленеді
Үміт Төлеуқызының айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұрын тағайындалған жәрдемақының орнына 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелеттік жасқа толмаған балала-ры бар көпбалалы отбасылар үшін республикалық бюджеттен арнайы мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Сонымен, 4 баласы бар отбасына - 42 495,53 теңге; 5 балаға - 53 126,04 теңге; 6 балаға - 63 756,55 теңге; 7 және одан көп балаға 74 387, 06 теңге төленеді. Егер көпбалалы отбасының тұңғышы 18 жасқа толса және күндізгі бөлімде оқыса, жәрдемақы 23 жасқа дейін беріледі. Егер балалардың ата-анасы қайтыс болса немесе із-түзсіз жоғалып кетсе, ата-аналық құқығына шектеу қойылса, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген жағдайда жәрдемақы олардың заңды өкілдеріне қайта ресімделеді.
Атаулы әлеуметтік көмек - аз қамтылған отбасына
Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға тоқсан сайын тағайындалады. Мысалы, отбасы АӘК алу үшін 15 ақпанда жүгінсе, онда оған тек ақпан және наурыз айларына тағайындалады. Екінші тоқсанда жаңа өтініш беру керек.
АӘК мөлшері жан басына шаққандағы отбасының орташа табысы мен өңірлердегі кедейлік шегі арасындағы айырмашылық ретінде белгіленеді. Отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартса, онда сол уақыттан бастап 6 ай бойы АӘК тағайындалмайды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады: егер отбасында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар болса (тамақ, гигиеналық құралдар), сонымен бірге, отбасында 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар болса (кеңсе тауарлары).
Кепілдендірілген әлеуметтік пакетті қалай түсінеміз?
Алтыншаш Әбенова бұл сұрақтытөмендегідей тарқатты.
«Кепілдендірілген әлеуметтік пакетке көмек түрлері жатады. Мәселен, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаға бала тамағы, гигиеналық құралдар тегін беріледі, ал білім беру қызметі тегін.
6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға келсек, аз қамтылған отбасының мек-теп жасындағы балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Олар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Мектеп формасы мен кеңсе тауарлары тегін таратылады.
Басты талаптар қандай?
Екі көмекті алушыларға да қойылатын басты талап: 18 жасқа дейінгі балалардың әке-шешесімен бірге тұруы (ата-әжесімен бірге тұрғандар есептелмейді), 18 жасқа толғаннан кейін орта немесе жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқу. Жәрдемақы көлемі бала санына қарай белгіленеді. 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындалса, 2020 жыл-дың 1 қаңтарынан бастап автоматты түрде қайта есептеу жүргізіледі. Өті-ніш берушілер көпбалалы отбасына жәрдемақы алу үшін Мемлекеттік кор-порацияға (ХҚКО) жүгінеді. Жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалады.
Жәрдемақы алушылар үшін арнайы кесте бекітілген. Дархан Сарабай өз кезегінде мемлекеттік қызмет алу үшін ХҚКО-на келудің қажеті жоқтығын айтты. Электрондық қолтаңба арқылы бірнеше анықтаманы үйде отырып алуға болады. Бұдан бөлек мемлекеттік мекемелердің бірқатарында орталықтың кеңселері бар.
Мақаламыздың басында атап өткендей, өткен жылдармен салыстырғанда, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатары азайған. Мұның себебі неде?
Алтыншаш Әбенованың сөзіне сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың жұмысқа жарамды мүшелерінің көбі бұл күнде жұмысқа орналасқан. Қайсыбірі кәсіптің жаңа түрін меңгеріп, өз бизнесін ашқан. Басқа мамандықты игергендер кәсіпорынға, жеке фирмаларға жұмысқа тұрған.