• Читать @cbsekibas
  • Instagram

Екібастұз ОКЖ

Павлодар облысы Екібастұз қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

На русском

  • Негізгі
  • Кітапхана жүйесі
    • Жаңалықтар
    • Мақалалар
    • Кітапханалар
    • Қызметкер құрамы
    • Кәсіподақ комитеті
    • Галерея
    • Бейне және аудио
  • Қызмет
    • Өлкетану
    • Баспа қызметі
    • Мәңгілік полк
    • Ынталандыру клубтары
    • Кешенді мақсатты бағдарламалар
    • Әріптестік
  • Ресурстар
    • Жаңа түсімдер
    • Кітаптар
    • Журналдар
    • Газеттер
    • Мультимедиа
    • Авторлар
    • Баспалар
    • Рецензиялар
    • Пайдалы сілтемелер
  • Online арқылы кітапты ұзарту
  • Кері байланыс
  • Электрондық каталог
  • Экран дикторы



  • Жобалар
  •  → 
  • Екiбастұз өлкесiнiң өлке тануы
  •  → 
  • Бұқаралық ақпарат құралдары

Екiбастұз өлкесiнiң өлке тануы

27.01.2022

"Әй қыз, саған айтар сырым бар..."


Твитнуть
Поделиться
Плюсануть
Поделиться
Класснуть
Отправить

Амангелді Қаңтарбаевты мен сонау жетпісінші жылдардан білетін едім. Сол жылдары облыстық «Қызыл Ту» газетінің бетінде ауыл тілшісі ретінде мақалаларым мен өлеңдерім шығып тұрды. Баянауылдан Жанат Тұрғанбековтің, Амангелді Қаңтарбаевтың жазған мақалалары мен өлеңдерін оқитынмын. Ол кезде облыс көлемінде өлең жазатын жастар бірін-бірі газет арқылы сырттай білетін. Өлең авторының көрсетілген мекенжайына хат жазып, танысатын. Сонда хат мазмұны да қызық еді. «Қайда оқисың» немесе «қайда жұмыс істейсің?» дегенмен шектелетін. Бір қызығы, газеттен өлеңі арқылы танысып, кейін неше түрлі мамандық иесінен, тіпті электрик ақыннан да хат алып тұрдым. Мектепте оқып жүрген кездегі хаттар ерекше еді. Оныншы сыныпты аяқтап, қолымызға аттестат алған соң, Қызылтаң сегізжылдық мектебіне аға пионер вожатый болып орналастым. Облыстық «Қызыл Ту» газетімен тығыз байланысатын болдым. «Ауыл тілшісі» деген «лауазымым» болды.

1967 жылдың 5 мамырында баспасөз күніне орай газет редакциясы ауыл тілшілерін жинады. Сол күні өзім газеттен мақалалары мен өлеңдерін оқып жүретін газет тілшілерімен жүзбе-жүз таныстым. Келесі жылы облыстық газетке корректор болып қызметке орналастым.

Амангелді Қаңтарбаев мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мұхамеджан Дәуренбековтің тапсырмаларын орындап жүретін. Мұхамеджан аға газеттің кезекшісі болатын, бояуы кеппеген газеттің бір бетін алып кабинетке келсем, қонақтар отыр екен. Сұңғақ бойлы, талдырмаш келген, көзі шегір сары жігіт мені сырттай білетінін сездірместен қол беріп амандасты. Мұхамеджан аға бізді бір-бірімізге таныстырды. «Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен екен. Редакцияға қызметке орналасқалы келіпті. Алайда әзірге бос орын жоқ болғандықтан Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінің редакциясына барғаның жөн деп кеңес беріп отырмын, Аманжанды педучилищеде оқып жүрген кезінен білемін», - деді тәлімгер ағамыз. Мұқаң бұл жігітке педучилищеде оқып жүрген кезінде өлеңдерін көріп, өлең жазудың техникасын, идеясы мен көркемдегі туралы, эпитеттерді қалай қолдану керектігі туралы кәдімгідей дәріс беріпті. «Сен өлең ғана емес, мақала жазып та үйрен. Бұл ой-өрісіңнің кеңеюіне әсер етеді. Әуелі училищеде өтетін әдеби кештер, пікірталастар туралы қысқа хабарлар жаз», - деп, оны қаламгерлікке де баулыпты. Амангелді аға сол кездесуден кейін жақын тартып, мені «қарындасым» деп, ашық-жарқын ойларын бөлісетін еді. Отбасында екі қыздың ортасында жалғыз ержеткен екен, сондықтан да шығар, жаны тым нәзік сияқты көрінетін. Ал менің мінезім керісінше, қыздарға тән қылықтардан гөрі, ер балаларша кез келген сөзге килігіп, онымен қатар тұрып кеңесіп, сөйлесе беретінмін. Амангелді Қаңтарбаев көп ұзамай аудандық «Жеңіс» газетіне қызметке орналасты. Осы кезеңде ақын Амангелді облыстық газетке өлеңдерін сирек жіберетін болды.

1968 жылы мен Алматыда Киров көшесіндегі КазГУ-дің бас корпусында онымен кездесіп қалдым. Сессия тапсырғалы келген екен. «Ертең экономикадан Нұрғалиевке емтихан тапсыратын едім, жаңа Ертіс Байзақов ағаймен кездестім. Сол кісімен Алатау жаққа барып қайтамыз, бірге жүр», - деді. Өзінің үйленгенін, кішкене ұлы барын да айтты. Ауылдан келген жерлес ағамыз Амангелдіні Алматыда кездестіру өте бір қуанышқа бөлегенмен, мен олармен бірге еріп бара алмадым. Екі-үш аптаға ғана келген ағаның жазғы емтиханы, Жазушылар одағындағы жерлес ақын-жазушы ағаларына барып сәлем беруі және өзімен үзеңгілес ақындармен бірге қалтасы қағылғанша ресторан, дәмханаларды жүріп уақытын өткізіп алатынын да білетін едім. Амал қанша, «Әй ақын қыз, саған айтар әңгімем көп, бір кездескенде есіме саларсың», -деді де, сессиясын өте жақсы аяқтап, самолетке отырып, елге асығып кете барды. Мен көпке дейін «Амангелді ағамыз маған не айтқысы келді екен, өзінің қабағында бір мұң бар сияқты ғой, әлде түні бойы жолдастарымен дәмдес болып отырып, ұйқысы қанбай шаршаңқырап тұрды ма екен?» - деп ойладым. Себебі ол үнемі бір топ ақын жігіттермен жүретін. Бізбен сөйлесуге де уақыт таппайтын еді.

Арада үш жыл өтті. Мен облыстық теледидарда қызмет істеп жүрген кезім болатын. Ара-тұра газетке мақалаларым шығып жүрді. Ал Амангелді Қаңтарбаев болса газет бетінен мүлде көрінбей кетті. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп әрі тұрмыс құрып, балалы-шағалы болған кезімде ол туралы ұмытып та кеткенмін.

Әлі есімде, жетпісінші жылдары Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту алға қойылды. Егер өз кезінде тың және тыңайған жерлерді игеруге Одақтың барлық түкпірінен комсомолдық жолдамамен жастар келген болса, қой шаруашылығын өркендету тек қазақ ұлтының жастарына тапсырылды. Сөйтіп, коммунистік партия 1970-80 жылдары қазақ жастары мен жастар ұйымдарын шопандар бригадасын құруға шақырды. Қазақстандық комсомол жастар «Қой шаруашылығы - жастар ісі» деген ұранмен қой өсіруші комсомол жастар бригадаларын құру науқанын бастады. Алғаш болып республикада қой шаруашылығына көмекке келуге Шығыс Қазақстан облысы Шұбартау ауданының мектеп бітірушілері бастама көтерді. Олар «Қой шаруашылығы - комсомолдың екпінді еңбегі» деп ұран тастады. Шұбартаулықтардың бастамасын біздің облыстың да комсомол жастары бірауыздан қолдады. Осы бастаманы насихаттау үшін облыстық партия комитеті бізге совхоздарда құрылып жатқан комсомол жастардың шопандар бригадасы туралы хабар дайындауды ұсынды. Бізге аудандарда құрылған бригадалардың тізімін де жасап берді. Ай сайын эфирден беріліп тұратын жастарға арналған «Құрдастар» хабарына бұл жолы Баянауыл ауданының С.Торайғыров атындағы кеңшарында құрылған шопандар бригадасы туралы хабар дайындау жоспарланды. Әдеттегідей шо-пандар бригадасына кім жетекші екен деп қарап отырып, тізімнен Амангелді Қаңтарбаевтың аты-жөнін көзім шалды. «Ол журналист еді ғой, шопандар бригадасына қалай барды екен, не болса да, бұл өзі қызық болды ғой, әлде...». Сөйтіп, көкейімдегі сан сұраққа жауап іздеп әрі патриоттық бастама иелерін киноға түсіру мақсатында теледидардың түсіру тобы Баянауылға жол тарттық.

Тамыз айы болатын. Баянау-ыл бізге жеткізер емес. Жол алыс. Мойылды бұлағының тұсынан сол жаққа бұрылып, жаңа түскен машина ізімен сықырлаған ескі «бобик» кеңшарға әрең жеткізді. Жол соғып шаршасақ та, барар жерге жетуді ойладық па екен, бізді қарсы алған бас зоотехник Олжа Чекаевтың «осында қоныңыздар» дегеніне қарамастан, жолсыз жермен шопандар бригадасы орналасқан Қарақұдық жайылымына бет алдық. Ол кезде түсіру тобының кинокамерадан басқа да жарық беретін шамдары секілді екі-үш кісінің орнын алатын дүниелері бірге жүретін. Қасымдағы кинооператор Тоқтар Ахметов, жарық қоюшы Болат Макеев деген жігіт, жүргізушімен төрт адамды бригадаға қалай қондырудың жайын ойлап жатқан біз жоқ. №2 бөлімшенің басшысы Әлмұхан Әлімбаев та қатты қысылып келеді. Біздің жігіттер де болмайды, «ештеңе етпейді, машинада жата береміз» деп қояды. Жолсерігіміз бізге шопандар бригадасының қалай құрылғаны жайында әңгімеледі. Әсіресе аға шопан Амангелді Қаңтарбаев туралы көп мәлімет берді. Менің білгенім бар, білмейтінім бар дегендей, Амангелді аға мектеп-интернаттың директоры болып қызмет істепті. Өзі педагог әрі тәрбиеші, балалармен тіл табыса алады. Өзі психолог, журналистік мамандығы бар. Газетте де, теледидарда да қызмет істеген тәжірибелі, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. «Қазір сіздерді күтіп отыр, бұйырса, бәрі болады, қыздар да, жігіттер де сөздің майын тамызып сөйлеп береді», - деп, жол бойы ағамыздың аузы жабылмады. Шынында да, жастар хабарын дайындау кезінде қазақ тілінде сұхбат беретін адам таба алмай қиналатын кездеріміз көп еді. Әсіресе құрылысшы жастар, жоғары оқу орнын бітірген мамандар қойған сұрағыңа жауап бере алмай қиналатын. Біздің естуімізше, Баянауылда осындай бір шопандар бригадасы құрылып, екі-үш отар қойға да, адамдарға да ие бола алмай, тарап кетіпті. Ал Амангелді Қаңтарбаевтың бригадасы өткен жазда құрылыпты, қазір жағдайлары жақсы. Аға шопан жайлауға отбасымен, 85 жастағы әкесімен көшіп барыпты. Негізі осы бригаданың құрылуына тікелей Амангелді Қаңтарбаевтың өзі ұйытқы болыпты. Бригаданың аты «Жас түлектер» деп аталады. Оның құрамында Төлеген Қыдырбаев, Қайырбек Жақыпов, Серік Қарақанов, Қайрат Әмірханов, Секен Нұрғазин, Ғайни Алтыбаева, Күлжан Мұстафина, Жұмагүл Әбішева, Үміт Тұрманбаева, Мақпуза Ниязбекова сияқты мектеп түлектері бар екен. Әрине, қазір айтуға оңай, әйтпесе мәпелеп өсірген, ертеңінен мол үміт күтіп отырған баласын кім айдалаға жіберуге құлықты дейсің. Оның үстіне, ауылда жасы келсе де үйленбей жүрген бойдақтар жас қыздарға қырғидай тиюін қоятын емес. Алайда алды-артын ойлатпайтын албырт көңіл, келешек коммунизмнің белсенді құрылысшысы болуға деген алғаусыз сенім қыздардың ата-аналарының әлсіз қарсылығына тоқтай қоймапты. Бастысы, партия саясаты, оны қолдау керек. Оны былай қойғанда, романтикаға толы жастық шақ, албырт махаббат, мектеп партасынан басталған балауса сезім бүр жарып, оларды алыс армандарға жетелеген шығар. Оның үстіне, жастардың жетекшісі орда бұзар отыздағы журналист әрі ақын жігіт болса, оның өзі керемет емес пе? Амангелді аға жастарға жетекші болып бармас бұрын мұның бәрін ой елегінен өткізіп, алда не күтіп тұрғанын болжап білген де болар. Біле тұра, сезе тұра, алда күтіп тұрған қиындықтарға қарсы жүрген болуы керек. Бала кезінде қолына ұстап көрмеген, қиындықтың не екенін сезіне білмеген жастардың үйден жырақ кетуі оңай болмасы анық. Патриоттық бастаманы қолдап, ауыл балаларына басшылық жасап, ұлдар мен қыздарды туған үйінен айдалаға, қыр төсіне алып кету үлкен ерлік еді. Малшы еңбегі оңай жұмыс емес. Маңайында жүгірген аңдар мен құрт-құмырсқа, жәндіктерден басқа тіршілік білінбейтін сайын далаға жан бітіру, көктемде туған марқаларға, яғни, отар-отар қой тұратын шарбақтар құрып, балағандар салу, асхана және басқа да мәдени-тұрмыстық жайларды тұрғызу ісі Амангелді Қаңтарбаевтың мойнына жүктелгені аян. Бұл жастар өзі құрылысшы, өзі аспаз, өзі өнерлі, тіпті олардың бойында барлық қабілеттер болуы шарт.

Алғашқы жылы қыздар киіз үйге, ұлдар балағанға жайғасады. Көп ұзамай Жалғызқайың қыстауындағы Әушахман деген шопанның қойлары өліп, өз аяқтарымен жүре алатын 400 бас қозыны жаңа құрылған «Жас түлектер» бригадасына береді. Бір ай өткен соң Рамазан деген шопанның бір отар қойы осы бригадаға қоса тапсырылады. «Қазір жастар екі-үш отар қойды бағып жатыр» деп сөз аяқталған кезде біз де қызыл жалауы желбіреген брига-да басына жеткен болатынбыз. Біздің топты бетін жел мен күнге күйдірген (сары адамға күн өтпейді деуші еді) өзім білетін Аманжан қарсы алды. Бұрынғы жас жігіт кезіндегідей емес, мосқалданып қалғандай көрінді. Біраз демалғаннан кейін бізді шағын асханаға алып барды. Кинооператорымыз кешкі көріністі киноға түсіремін деп, шамдарын құрғызып, өз жұмысына кірісті. Алайда бригада басында моторлы жарық бергіштің қуат күші біздің шамдарды жаға алмады. Машинаның екі көзіндегі жарықты жағып отырдық. Мен болсам кейіпкерімнен сұбхат алу үшін әңгімеге тарттым. Қарамағындағы үш мыңдай қойдың күйі жақсы, өткен жылы етке тапсырылған малдардан әжептеуір пайда тауыпты. Негізі мал шығыны көп болатын ауданның кеңшарында бар-жоғы 7 бас қой шығынға ұшырапты. Бұл, әрине, үлкен жетістік болатын.

Таң атты. Ертелетіп жүгіріп жүрген кинооператорымыз Тоқтар Ахметов киіз үйдегі өзгешелікті байқап қалғанын айтты. Шынында да бұл екі киіз үй қырғыздардан сатып әкелінген екен. Бір ғажабы, шаңырақтары кішірек, уықтары ұзындау көрінді. Біздің таңданысымызды байқаған аға шопан: «Бұл уықтардың қаламы (ұшы) шаңырақтың ұясына (тесігіне) сыймады. Бізге көпті көрген 85 жастағы әкем көмекке келіп, уықтарды қайтадан ұштап, орнатып берді», - деп түсіндірді. Ұзақты күн бригададағы ұл-қыздарды жұмыс орындарында киноға түсіріп, сұбхатымызды алып, қалаға қайтуға жиналдық. Сөз арасында жастар туралы әңгімелескен кезде сауық кештері, туған күндерді атап өту туралы, топтасып кино-концерттерге баратынын айтқан. Он жыл мектеп партасында бірге отырғанымен, балауса бойжеткенге балғын сезімін жеткізе алмаған кей жігіттер осында қыз қолынан ұстауға батылы жеткенін әңгімеледі. Бригада жетекшісі «осы екеуі бір-біріне лайықау» деген қыз бен жігітті парластырып қой бағуға бірге, бір жұмысқа жұмсайды екен. Ертең де, келесі күні де солай ететінін жеткізген-ді. Осындай әңгіме барысында кешкілікте Мәкітай замандасымыздың қолынан шай іштік.

- Ата-бабамның кәсібі - қой шаруашылығына өзім бастап барған жастардың өнегелі істері мен махаббаттары туралы кітап жазсам деген ой мазалайды. Күні кеше мектеп партасында отырғанда бір-біріне сездіруге бата алмай, сүйіктісінің есімін терезенің жақтауына ойып жаздырған бала махаббаттарына куә болып, солар жайында әңгімені де бастап қойдым. Кезінде өздерінің қиял әлемінде өмір сүргендерін, қай қылығы, қай мінезі үшін ұнатқандарын көріп, өздерін іңкәр еткен балауса махаббаттың жүректің терең түбінде сақталғандарын да жа-зып жатырмын, - деп, Амангелді 1969 жылы жазылған бір-екі өлеңін қолыма ұстатты.

«Келеді деп көп күттім - келе алмадың, 

Келмес деген күдікке көне алмадым. 

Күн нұрындай шуақты жалын сездім, 

Өшкен шоқтай сөндіге сене алмадым. 

Көне алмадым, сенімді жеңе алмадым. 

«Алдады» деген ойға ере алмадым. 

Ыстық еді сезімің маған деген, 

Қалайша саған ләззат бере алмадым. 

Боз даланың мен болдым бозінгені, 

Түні бойы сені ойлап көз ілмедім. 

Түсінбесең жанымды, қайтем енді, 

Мейлі сенің бар шығар өз білгенің». 

1985 жылы облыстық теледидардан «Қызыл Ту» газетіне қызметке ауыстым. Аманкелді ол кездері осы газеттің Екібастұз, Баянауыл аудандарындағы меншікті тілшісі қызметінде болатын. Газет бетінде Екібастұздың алып стансалары, көмір кеніштері, құрылыстары жайлы репортаждары, экономика, кеншілер, зауыт, көмір кеніші туралы өндірістік тақырыптағы мақалалары жиі шығып тұрды. Баянауылдан ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, әлеуметтік тақырыптағы көлемді мақалалары газеттің сол кездегі бетке ұстар айдарларының көркі болатын. Ол кезде меншікті тілшілер ай сайын редакцияға келіп, газетке шолу жасап, жиналыстарға қатысып, есеп беретін. Әрине, келген сайын біздің кабинетке кіріп-шығып, әңгімелесіп, әзіл-қалжыңымен бізді күлкіге кенелтетін. Менің өлеңдерімді талдауға жақын тұратын. Бетке айтатын. Мінезі тік болатын. Мен «Ардақ» қыз-келіншектер бетін ашқанымда, «Ұлымның есімін қойғаның қалай, негізінен Ардақ деген арыңа дақ түспесін деген мағына береді екен ғой» дегені әлі есімде. Кейін Мұсылман әйелдер лигасының «Ақ жаулық» газетін шығарып тұрған кезімде: «Әй ақын қыз, «Ардақ» деп неге қоймағансың?» - деген-ді...

Арада біраз жылдар өтті. Облыстық әкімдікте қызмет істеп жүргенде Екібастұзға жиі барып тұрдым. Уақыт тауып қазақ тілінде шығып тұратын «Отарқа» газеті редакциясына кіріп шығатынмын. Газетте кілең жастар еңбек етті. Олар көтерген мәселелерден, жазған мақалалардан Амангелдінің стилі анық білінетін, қаламгерлерін мақтаныш ететін. Әдетте өзің жақсы білетін адамды кездестірген кезде амандық-саулықтан соң үй-ішінің, балашағаңның амандығын сұрайсың ғой. Соңғы кезде Амангелді ағаның жүзінен ерекше бір өзгерісті көргендей болдым. Десек те бұрынғыдай мазасыз, ойындағысын бірден айта салатындай емес, байсалды, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған көңілі жай адам болып көрінді.

Сол кезде түр-тұлғасы әкесінің аузынан түсіп қалғандай айнымай тартқан Ардағына Амангелді аға әкелік жүрекпен тебіреніп өлең арнағанын да айтып қалды. Әрине, бұл өлең шумақтарын біреу білсе, біреу білмейтін де шығар: 

«Ардағым, ақылдым, тұңғышым, 

Сағынтып табысқан жыл құсым. 

Тегіңе тартып-ақ туыпсың, 

Бабаңдай кең болсын тынысың.

Туып ең аязды ақпанда,

Ұмтылшы арайлы ақ таңға.

Бір Алла әрқашан жар болып, 

Түспегей ешқашан қақпанға.

Жақсы әйел - жігітке сая бақ, 

Жарыңды бағала аялап.

Қарт анаң бүгінде бір бала,

Оны да ақылмен қой алдап.

Болғайсың асықтың сақасы, 

Алмағай ешқашан от басып.

Бір Алла өзіңе жар болсын,

Қабыл боп әкеңнің батасы».

Иә, қазір ойлап отырсам, бұл өлең әкенің баласына айтқан өсиеті, соңғы аманаты екен. Өмірдің өзі реніштер мен күйініштер, жұбаныштар мен қуаныштар, танысулар мен табысулар, одан әрі сағыныштардан тұратын шығар. Амал не, бергенінен берері көп, елі ардақтаған Амангелді ағамыз қазір арамызда жоқ. Өңірдегі қазақ журналистикасының дамуына, жастардың кәсіби журналист болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, менің де шығармашылық жолыма бағыт-бағдар берген, ел құрметтеген адамның жарқын бейнесі әрқайсымыздың жүрегімізде сақталады.



Автор Байғалина Ш.
Издание Отарқа
Стр. 8, 9
Файл Загрузить

Тізімге оралу


Қатысты мазмұны:


DB query error.
Please try later.