Қоғамдағы игі өзгерістерден балалардың да құралақан қалмауы абзал. Осы орайда қаламыздағы №6 арнайы мектеп оқушыларына биылғы Балалар жылында тамаша сый жасалды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобасы аясында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ аталмыш мектепке жасанды жабындылы шағын футбол алаңын тарту етті.
22 қараша күні футбол алаңын пайдалануға берудің салтанатты рәсімі өткізілді. Оған демеушілер, мектеп басшылығы, оқушылар мен ата-аналар жиналды.
- Бұл тамаша жобаға кәсіподақ төрағасы Василий Петрович Давиденко бастамашы болып, бәріміз қолдау көрсеттік. Балаларға қандай сыйлық жасасақ та артық емес. Сондықтан жаңа футбол алаңына қуаныштымын, - деді құттықтау сөзінде «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ президенті Дүйсенбек Мерғалиев.
«Шығыс» кеніші кәсіподағы комитетінің төрағасы Василий Давиденко да жылы лебізін білдіріп, жобаны жүзеге асырушы мердігер - «Фирма Цитадель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығына рахметін айтып, балаларды спортпен, оның ішінде футболмен шұғылдануға шақырды.
Сонымен бірге, көңіл күйі көтеріңкі Василий Петрович компания басшылығы қолдаса, алдағы жылы футбол алаңы қасынан бас-кетбол-стритбол алаңын жасауға уәде берді. Мектеп ата-аналары Қамқоршылық кеңесі төрайымы Татьяна Дюба оқу ошағы ұжымы мен оқушылар атынан әлеуметтік жобаны қаржыландырған «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ бас-шылығына алғыс жаудырды.
Осыдан соң мердігер фирма өкілі И.Веретнев №6 арнайы мектеп басшысы Ғалия Жұмағұловаға футбол алаңының симво-ликалық кілтін табыстап, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ президенті Дүйсенбек Мерғалиев пен мектеп оқушысы Нұрсұлтан Сағидолла көк лентаны қиды.
Жасанды жабындылы футбол алаңы көздің жауын алады. Мықты темір шыбықты қоршаумен қоршалып, айнала электр шамдары орнатылған. Футбол алаңының ені - 28 метр, ұзындығы - 50 метр. Бұған дейін бұл жерде ескірген спорт алаңы болған екен. Жобаны жүзеге асыруға компания 29 млн 650 мың теңге қаржы жұмсапты.
Айтпақшы, шығыстық кеншілер футбол алаңының ашылу рәсімі кезінде де мектепке біршама спорт құралдарын тарту етті.
Ал тамаша тарту көңілдерінен шыққан балалар екі командаға бөлініп, жасыл алаңда доп тебуге кірісіп кетті. №6 арнайы мектепте ақыл-ой кемістігі бар 135 бала білім мен тәрбие алып жүр.