Талай жанға қолғабыс жасап жүрген Самал Әділбекқызы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Медальді табыстаған қала әкімі Ардақ Қаңтарбаев Самал Дүйсенбаеваның халық игілігі үшін жасап жатқан еңбегіне алғыс білдірді.
- Мен үшін күтпеген сый болды. Карантин бойы провизорлық орталықта емделген науқастарға дәрі-дәрмек, азық-түлік тасығанымыз рас. Қиын кезеңді бастан өткердік. Үйде 5 балам барына қарамастан елге көмектескенім үшін еш өкінбеймін. Шындығына келсем, маңызды дүние жасап жатырмын деп есептемейтін едім. Өзіммен бірге жүріп пандемиямен күресуге атсалысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін.
Бұл менің ғана марапатым емес, менімен бірге жүрген барлық еріктілердің ерен еңбектерінің жемісі деп түсінемін, - дейді Самал Дүйсенбаева.
«Вита» жасағында 35 ерікті жұмыс істейді. Бұл еріктілер қаладағы жоғалған жандарды да іздеумен айналысады. Бір жыл ішінде жоғалған жандардың 6-7-сі осы еріктілердің көмегімен табылып, отбасыларына оралған.