Екібастұз қаласы тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 1992 жылы құрылған. Ол кезде үйде қызмет көрсететін әлеуметтік бөлімше болатын. Бөлімше сол жылдары негізінен жалғызілікті қарияларға қызмет көрсетті. 2003 жылы психоневрологиялық аурулары бар балалар мен 18 жастан асқан ересектерге қызмет көрсету бөлімшесі ашылды. 2013 жылы бөлімше «Екібастұз қаласы тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесі ретінде қайта құрылды.
Бүгінде орталықта 74 адам жұмыс істейді. Олар қаламыздағы 398 адамға көмек береді. Үйдегі көмек қызметін алушылар қатарында жалғызілікті қариялар, психоневрологиялық аурулары бар балалар мен 18 жастан асқан ересектер, мүгедектер бар.
- Жаз бойы қатаң карантин режимі сақталып, қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылғаны белгілі. Бұл, әсіресе, біздің әріптестерімізге оңай тимеді. Басқалардың жұмысы тоқтағанымен, біздің жұмысымыз азайған жоқ. Керісінше, көбейе түсті, -дейді орталық директоры Татьяна Гладкова.
Әлеуметтік қызметкерлер үйде қызмет алушыларға жаяу қатынауға мәжбүр болды. Орталық басшысы тез арада жұмысты ыңғайлауға шешім қабылдайды. Сөйтіп, әр қызметкерге өз шағын ауданына жақын қызмет алушыларды бөліп береді. Бұл олардың мобильді қызмет көрсетуіне жағдай жасайды.
Індет күшейген шақта әлеуметтік қызметкерлер қариялар мен науқастарға дәрі-дәрмектер, азық-түлік жеткізді. Карантин шектеуі кезінде көп науқасқа психологиялық демеу көрсетті. Қызметкерлер жетіспей жатса да, қаланы толығымен мүмкіндігінше қамтуға тырысты. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандардың жұмысқа шыға алмауы да қиындық тудырды. Осындай шақта әлеуметтік қызметкерлер жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарады.
Жұмыс мұнымен азайған жоқ. Пандемия жалғасуда. Өздерінің тікелей қызметтерін айтпағанда, тәуекел тобындағы қариялар мен балаларға дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізу жұмысы жалғасады. Үйде науқастанғандарға қызмет көрсетеді.
- Әлеуметтік қызметкерлер жұмыстарын атқарып қана қоймайды. Олар адамдарға мейірім сыйлайды, қамқорлық жасайды. Індет өршіген тұста халыққа қызмет еттік және қызмет ете береміз, - деп түйіндеді сөзін Татьяна Гладкова.