Отбасы күнінде қала әкімдігі мен «Екібастұз» балалар қорының өкілдері қаламыздағы патронаттық және көпбалалы отбасыларды аралады. Олар ең алдымен Яценко отбасын құттықтап, азық-түлік жиынтығы мен балаларға арналған тәттілерді таратты.
Отанасы Екатерина Яценконы отбасы мерекесімен құттықтауға осы үйден түлеп ұшқан балаларының бәрі жиналыпты. Ересектері бүгінде жанұялы болып, Катя апайға 4 немере сыйлаған. Тәрбиеленушілердің ең кішкентайы 10 жаста. Мерекеде 30-дан аса отбасы мүшесі бас қосты.
Қала әкімінің орынбасары Н.Нефедова патронаттық отбасыға спорттық құралдар тарту етті. Е.Яценко маңайда балалар алаңшасы жоқ екенін айтып еді, бұл мәселе алдағы уақытта ескерілетін болды. Тәрбиеленушілердің «мереке-лерде саябақтағы аттракциондарға тегін билеттер болса» деген тілегін «Екібастұз» балалар қорының төрайымы Т.Шмидт қабыл алды.
Көпбалалы ана Нағима Агапитова қонақтарды қуана қарсы алды. Нағима өз балаларына қоса тағы бір баланы қамқоршылығына алып отыр екен. Қызы Надина Таутанова көзі нашар көретініне қарамастан суретті жақсы салады. Жаңа жыл қарсаңында қара қарындашпен қала әкімінің суретін салып сыйлаған екен. Надинаның талабына риза болған әкімдік өкілі сурет салуға қажетті бояулар сыйлады. Татьяна Шмидт жас суретшіні балалар сурет мектебінде тегін білім алуға шақырды.
Динара Садықова осыдан бір жыл бұрын Баянауылдан қоныс аударған. Пәтер кезегінде тұрған көпбалалы анаға уақытша бір бөлмелі пәтер берілген екен. Бұл отбасыға да азық-түлік жиынтығы табыс етілді.