• Читать @cbsekibas
  • Instagram

Екібастұз ОКЖ

Павлодар облысы Екібастұз қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

На русском

  • Негізгі
  • Кітапхана жүйесі
    • Жаңалықтар
    • Мақалалар
    • Кітапханалар
    • Қызметкер құрамы
    • Кәсіподақ комитеті
    • Галерея
    • Бейне және аудио
  • Қызмет
    • Өлкетану
    • Баспа қызметі
    • Мәңгілік полк
    • Ынталандыру клубтары
    • Кешенді мақсатты бағдарламалар
    • Әріптестік
  • Ресурстар
    • Жаңа түсімдер
    • Кітаптар
    • Журналдар
    • Газеттер
    • Мультимедиа
    • Авторлар
    • Баспалар
    • Рецензиялар
    • Пайдалы сілтемелер
  • Online арқылы кітапты ұзарту
  • Кері байланыс
  • Электрондық каталог
  • Экран дикторы



  • Жобалар
  •  → 
  • Екiбастұз өлкесiнiң өлке тануы
  •  → 
  • Әлеумет

Екiбастұз өлкесiнiң өлке тануы

27.03.2020

Аудармаға абай болайық: «бойынша», «туылған», «керекпіз» секілді орашолақ сөздерден қашан құтыламыз?


Твитнуть
Поделиться
Плюсануть
Поделиться
Класснуть
Отправить

Екібастұздағы қазақтілді жарыққа шыққанына биыл - 29 жыл. Газеттің негізін қалаушылардың бірі - тәжірибелі журналист Жассерік Сәдуақастың айтуынша, алғашқы жылдары газетке (авторлық дүниелерді есептемегенде) материалдың 80 пайызы орыс тілінде келген. Уақыт өте келе, шамасы 10 жылдан соң, әкімдік аппараты, оған қарасты бөлімдер материалдарды қазақ тілінде жіберетін болған. Алайда мемлекеттік тілдегі жазбалар сын көтермейтін, қателерден көз сүрінетін еді. Ширек ғасыр уақыт толғанда бұл олқылық та түзетіліп, редакцияның қоржынына түсетін материалдың 90 пайызын қазақ тіліндегі хаттар құрады.

Осы аралықта газетпен етене жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда аудармашылардың легі қалыптасқанымен, қайсыбірі аударма саласын көтерудің орнына, керісінше, сапасын түсіріп жіберді. Нақтырақ айтсақ, аудармашылардың бір тобы тілді орыс тілінің калькасына айналдыруға үлес қосты. Мәселен, «күтілуде», «орын алды» және т.б. сөздер - соның айғағы.

Жасыратыны жоқ, осындай сәтсіз аудармалар біздің газетімізге де өз салқынын тигізіп жүр. Өкініштісі сол, редак-цияға келген қателерді біз газетке түзетіп басқанымызбен, кейбір аудармашылар газеттің бұрынғы шыққан санымен са-лыстырып, қатесін түзетуді қажет деп санамайды. Осылайша, «тілбұзарлар» тарапынан өрескел қателікке жол берушілік саябырсудың орнына үдей түскендіктен, біз осы мәселені аудармашылар арасында тал-қыға салғанды жөн көрдік.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Шынар Жұмабекованың ұйымдастыруымен «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырова, редактордың орынбасары Дария Жұмаділова, жауапты хатшы Жассерік Сәдуақас орталық кітапханада аудармашылармен кездесу өткізді.

Кездесудің басында Жанаргүл Әбдікәрімқызы семинарды өткізудің түпкі мақсатын түсіндіріп өтті:

- Біздің газетімізге әкімдік бөлімдерінен ресми материал-дар жиі келеді. Өкінішке қарай, кейбір бөлімдердің қателерінен аяқ алып жүргісіз, - дей келе, Жанаргүл Әбдікәрімқызы слайд арқылы жиі кездесетін қателерге жеке-жеке тоқталды. - Бұл жолы мен жер қатынастары бөлімін мысал ретінде келтіріп отырмын. Бұған қарап қателер жер қатынастары бөлімінде ғана кездеседі деген ұғым қалыптаспауы тиіс. Мәтінде «жер мәселесі бойынша жиын өтті» деген сөйлем бар. Бұл сөйлемді күрделендірмей, «жер мәселесіне қатысты жиын өтті» деп неге түсінікті етіп жазбасқа? Орыстың «по»

деген сөзі барлық жерде «бойынша» деп аударылмайды, «заместитель директора по социальному вопросу» қазақшада «директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары» деп аударылады. «Мақсаты бойынша» деген сөздер жиі қолданылады, дұрысы -мақсатына қарай. Аталым бойынша - аталымында.

Жанаргүл Қадырованың тілге қатысты ескертпелерін әріптесі Жассерік Сәдуақас та қолдады. «Билбордтарда, мекеме
маңдайшаларында, жарнамаларда қазақ тіліндегі орашолақ сөйлемдер көп кездеседі. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында мынадай аудармаға тап болдым: «Дәретханаға арналған қағаз». Дұрысы, «дәретхана қағазы» - айтуға да жеңіл әрі дайын үлгі! Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдары ауқымының ұлғаюына байланысты аударма ісінің өзектілігі де арта түсуде. Аудармашылар күнделікті маңызды ақпаратқа, салалық мәтіндерге, түрлі құжаттарға және т.б. қатысты тәржіма жасауға үлкен дайындықпен келу, әрқайсысына байыппен, жауапты қарау секілді талаптармен қатар, білімпаздық, ұтқырлық, ой сергектігі сынды қасиеттерді қалыптастырудың қажеттігін ұғынуы тиіс», - деген ол «аударма дегеніміз - үлкен ілім», - деп тұжырымдады.

Тілші Дария Жұмаділова аударма саласында айтыла-айтыла жауыр болған оғаш қателіктерге тағы да ел назарын аударды:

«Туған» деген сөз «туылған» деп айтылып жүр. Мұның жауабын кезінде ұлы ақын Абай Құнанбаев «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. «Мектеп-лицей» дегенді де бір ізге түсіре алмай-ақ қойдық. Мектеп -балаға білім беретін мекеме. «Лицей», «гимназия» - мектепке берілетін мәртебе. Сондықтан ресми тілде «лицей-мектебі», «гимназия-мектебі» деп жазылуы тиіс. «Бірқатар», «бір топ» деген сөздер көптік мағынаны білдіретіндіктен келесі сөзге көптік жалғау жалғанбайды. Дұрысы, «Бірқатар азамат», «бір топ бала». Сонымен бірге, «қажет», «тиіс», «керек» деген сөздердің ішінде тек «тиіс» сөзі ғана жіктеледі. Мысалы, «баруға тиіспін, баруға тиіссің, баруға тиіс». Ал «қажет», «керек» жіктелмейді. Қазір екінің бірі «бару керекпін», «баруыңыз керексіздер», т.б. деп сөйлейді. Бұл - қате», - деді ол.

«Зерде» дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қай-қайсысын алсақ та - өз кәсібін терең меңгерген мамандар. Олардың «Отарқа» газетіне жолдаған материал-дарынан (мазмұны, стилистика, орфографиялық жағынан да) қате таппайсыз. Сондай-ақ, «зерделік» оқушылардың мақалалары да сапалы жазылатынын айта кету ләзім. Аудармаға қатысты талқылауға «Зерде» мектебінен тіл маман-дары Назымгүл Нұртаева мен Сандуғаш Сыздықова қатысты. Тыныс белгісі - пунктуация тақырыбын сөз еткен Назымгүл Құдышқызы кеңестік өкімет кезіндегі әдеби кітаптардың деңгейі жоғары болғанын тілге тиек етті. «Сол кездегі кез келген жазушының кітабын алып қарасаңыз, сөйлемнің құрылымы, тыныс белгілері - бәрі өз орнында тұр. Бұдан жазушыдан бастап, редактор, корректордың өз жұмысына жауапкершілікпен қарағанын көресіз. Кейінгі кітаптарда тыныс белгілерінің нормалары сақталмаған. Өз басым тыныс белгісіне қатысты сауал туындаса, М. Балақаев, Р. Сыздықова, С. Жиенбаев, Ф.Мұсабекованың еңбектеріне жүгінемін», - дей келе, «Отарқа» газетінің атына оң пікір білдірді. «Қалалық газеттің әр санын жібермеуге тырысамын. Қателер кездеспейді. Кейбір сөздердің қалай жазылатынын тексеру қажет болса, «Отарқадағы» нұсқамен салыстырамыз», - деді.

Бұл кездесу екі жаққа да тиімді болды. Аудармашылар соңғы жылдары аударылған кейбір терминдер қайтадан бұрынғыша айтылып, жазылатын болып шешілгеніне келісетіндіктерін айтып, терминологиялық комитет бекіткен сөздерді сол күйінде қолдануға бейіл екендіктерін білдірді.

Тақырыпқа тұздық ретінде біз белгілі ақын Гүлнәр Салықбайдың тілдік нормалардың сақталмауына байланысты Фейсбук парақшасында жариялаған жазбасымен бөлісуді жөн көрдік.

«-Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе» сұрау есімдіктері жалғанғанда оның алдындағы етістік аяқталмай, кесемшенің «-а, -е, -й»
журнағымен бітуге тиіс. Мысалы, «бола ма, келе ме, қарай ма», т.б. Ал біздің журналистер «болады ма?» дегенді сәнге айналдырып алған. Бұл - сауатсыздық.

Қазақ тілінде үш шақ бар екенін бәріміз де мектепте оқыдық. Осы шақ, еткен шақ, келер шақ. Осы шақ: оқып жатырмыз. Өткен шақ: оқыдық немесе оқығанбыз. Келер шақ: оқимыз. Біз «оқитын боламыз» деп жүрміз. Бұл -орыстың «будем читать» дегенінің тікелей аудармасы.

Соңғы кезде «сәйкесінше» деген бір сөз шықты. Бұл да орыстың «соответственно» деген сөзінің тікелей аудармасы.

«Ойымен, пікірімен бөлісті». Дұрыс емес. «Ой бөлісті, пікір алысты» деу керек.

Ас+паз. «Паз» - зат есімнен зат есім тудыратын жұрнақ. «Ас» түбіріне «паз» жалғанған соң сөздің мағынасы өзгеріп, «ас пісіретін адам» деген мағына беріп тұр. Ал біз «аспазшы» деп жүрміз.

Қазір әйелдер «нәзік жандыларға» «айналып» кетті. Бұл да калька, орыстың «представители слабого пола» дегенінен шығарып алған сөзіміз. Қазақтың әп-әдемі «қыз-келіншектер», «бойжеткендер», «әйелдер» деген сөздері бар ғой.

«Сәттілік!». Бұл да орыстың «удачи!» деген сөзінің тікелей аудармасы. «Сәттілік тілеймін!» деу керек.

«Орын алды». Соңғы кезде «болды» деген сөздің орнын осы тіркес «тартып алды». Бұл да орыстың «имеет место» деген сөз тіркесінің сәтсіз аудармасы.

«Менің үлесім осы қаржының .... пайызын құрайды». Бұл да - орыстың «составляет ... процентов» деген тіркесінің көшірмесі. Мұны «Осы қаржының ... пайызы - менің үлесім» десе, қазақы, өте сауатты сөйлем болар еді.

«Баруда, келуде». Қазақ тілінде «жатыр, отыр, тұр» деген сияқты көмекші етістіктер бар. Біз қазір сөзді азайтқымыз келе ме, «-уда», «-уденің» көмегімен жаппай осы етістіктерге «байкот» жарияладық. «Мен мақала жазып жатырмын» дегеннің орнына «Мен мақала жазудамын» дейміз. Осы «аурудан» құтылуымыз керек».

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, аударма ерікккеннің ермегі емес, оның ішінде жеке сөздерді аудару терең ойлануды, ұзақ ізденуді, көп оқып, осы саладағы соны жаңалықтармен ұдайы танысып, біліп отыруды, яғни тынымсыз, мазасыз еңбекті қажет етеді.

Автор Ертайқызы Д.
Издание Отарқа
Стр. 5

Тізімге оралу


Қатысты мазмұны:


DB query error.
Please try later.