Ауыр науқасқа шалдыққан 12 жасар Дамирдің дертімен күресіп келе жатқанына биыл үшінші жылға аяқ басты. Диагнозы - апластикалық анемияның ауыр түрі. Жыл өткен сайын ауруы күш алып, ағзадағы қан айналымы әлсіреп барады. Бүгінде жасөспірімнің бас ми сүйегі бағаналы жасушаларға жеткілікті қан бөле алмай отыр. Салдарынан қалған ағзаға күш түсіруде. Қазір науқастың халі нашар. Әйтсе де баланы құтқарудың жолы бар.
Ол - гомеопатикалық бағаналы жасушаларды ауыстыру. Отаның мұндай түрін жасауға Түркияның Стамбұл қаласындағы озық клиникалардың бірі келісіп отыр. Ота құны - 87 000 АҚШ доллары. Туған-туыстары баланы ажал құрығынан аман алып қалу үшін халықтың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Көмек шұғыл арада қажет! Неғұрлым тезірек ота жасалса, Дамирдің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар!
Дамирдің ата-анасы тапқан-таянғанын баласының еміне жұмсағанымен, қысқа жіп күрмеуге келмей отыр.
21 ақпан күні Дамир Ермекті қолдау мақсатында облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған көптілді білім лицейінің оқушылар мен ұстаздар қауымы және ата-аналары бірлесіп жәрмеңке ұйымдастырды. Жәрмеңкеде тағамның түр-түрі сатылды.
Мұрат Бей, 8 «Б» сынып тәрбиешісі: - Дамирдің ауыр жағдайы мені және оқушыларымды бей-жей қалдырмады. Мектеп әкімшілігінің қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастыру туралы ұсынысы оқушылар, ата-аналар тарапынан қызу қолдау тапты. Біздің сыныптың оқушылары өз қолымен донер дайындады. Мен түрік кофесін жасадым. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біздің сынып әзірлеген тамақты келушілер пышақүсті үлестіріп әкетті.
Айта кетерлігі, жәрмеңкеде тағамның түр-түрін ер балалар өздері сатты. Мен 10-сыныптың жанынан өте беріп едім, оқушылар өз тағамдарын мақтап, піскен астың 2-3 түрін ақшаға сатты. Тек мен ғана емес, лицей мұғалімдері де балаларды қолдап, ақшасын төлеп, үстелдегі тағамнан дәм татты. Лицейге көршілес Абай Құнанбаев атындағы №2 мектептің оқушылары да жәрмеңкенің көрігін қыздырды.
Лицей директорының орынбасары Маржан Жапарованың айтуынша, осы күні қайырымдылық жәрмеңкеден түскен қаржы 130 мың теңгені құрады.
Дамир Ермекке көмектесуге ниет еткендер болса, 8 707 618 0782 ұялы телефонына хабарласуға болады. Каспи голд картасы: 516 949 315 048 2985. Халықбанкі: 623 357 104 255 2717.