Сәрсенбінің сәтінде көпбалалы аналарға пәтер кілттері тапсырылды. Қала әкімі Ержан Иманзаипов пен қалалық мәслихат хатшысы Болат Құспеков аналарды құттықтап, тілегін білдірді.
Бибігүл Ахмединова 4 бала тәрбиелеп отыр. Он жыл пәтер кезегінде тұрған отбасы бүгінге дейін 1 бөлмелі пәтер жалдап келіпті. Үлкені колледжге түсіпті. Ақерке мен Айсұлу №2 мектепте оқиды. Өзі 9 айлық бөбегіне қарап бала күтімімен үйде отыр.
- Осыған дейін туыстарым қолдау көрсетті. Бүгін өз пәтерімізге кірдік, қуанышымызда шек жоқ. Балалар автобуста тегін жүреді. Мектепте ыстық тамақпен қамтылған. Қала әкіміне зор алғыс, - дейді қуанышты ана.
Алена Шейваға пәтер Бұқар жырау көшесіндегі үйден берілді. 5 балалы отбасы 2009 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған.
Наталья Бабич тұрғын үй кезегіне толық емес отбасы ретінде тіркелген екен. Бүгін төрт баланың анасы пәтерге қол жеткізді. Екі бүлдіршіні балабақшаға тегін барады. Отбасы атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде тіркелген.
Айта кетерлігі, тапсырылған пәтерлерге жақсы жөндеу жүргізілген. Пәтердің бұрынғы иелері бірқатар жиһаздарын қалдырып кетіпті.
- Пәтер сатып алудағы шарттардың бірі - жөндеу жұмы-сының жүргізілуі. Сондай-ақ, есіктері түгел, терезелері пластиктен жасалған болуы тиіс. Ас үйде кафель болуы да міндетті талапқа кіреді, - дейді қаржы бөлімінің маманы Самал Байғожина.
Екібастұздық көпбалалы отбасыларға пәтер сатып алу мақсатына республикалық бюджеттен 250,8 млн. теңге қаржы бөлінген. Оған 30 пәтер сатып алу көзделген. Бүгінгі күнге дейін 25 пәтер сатып алынды. Оның 20-сы иелеріне тапсырылды. Тағы 5 пәтер қыркүйек айының соңына дейін беріледі.