Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесінде Ломоносов көшесі, 11 және Б.Момышұлы, 52 мекенжайларында балалар алаңдары ашылды.
Қала әкімі Ержан Иманзайыпов тұрғындарды мерекемен, алаңның ашылуымен құттықтады. Артынша қала басшысы мен қалалық мәслихаттың хатшысы Болат Құспеков, «Жасыбай» БЖСМ акробатика бөлімінің тәрбиеленушісі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Санжар Сәдуов лентаны қиды.
Жалпы, балалар алаңы «KazMinerals Bozshakol» ЖШІС-нің демеушілік қаржысына салынғанды. Алаңның ашылу рәсімінде болған кәсіпорынның мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директоры Розкен Күдебеева:
- Көңілдің гүлі, көздің нұры саналатын балаларға қуаныш сыйлап, олардың білім алып, дене және рухани дамуы үшін лайықты жағдай жасау - «KazMinerals Bozshakol» ЖШС-і үшін абырой. Екібастұзда сегіз ойын кешені мен екі футбол алаңы бой көтереді. Жобаны жүзеге асыруға 84 миллион теңге бөлінді. Мердігерлік ұйым -«Өнеркәсіптік энергетикалық холдинг» ЖШС-і монтаждау жұмысын мерзімінен бұрын аяқтады, - деді.
Алаңның ашылу құрметіне қала басшысы балаларға спорттық құралдарды сыйға тартты.