Бүгінде аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастауға мүмкіндік зор. Мұндай қолдауды сезініп отырғандардың бірі - Әсемгүл Смағұлова. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 505 мың теңге алған көпбалалы ана отағасымен бірге мал шаруашылығымен айналысуды көздеп отыр.
Солнечный кентінің тұрғыны Әсемгүл бұған дейін тапсырыспен шаштараз болып еңбек етіп жүріпті. Күйеуі Ғапур - таксиші. Яғни, екеуінің де жұмысы тұрақсыз. Бағдарлама жайлы естіген Әсемгүл бірден «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Екібастұз қаласы филиалына барады. Сөйтіп, 4 апта оқыту курсын меңгеріп, «Бизнес бастау» жобасының сертификатына ие болады. Кейін кәсіпкерлер палатасы мамандарының жетекшілігімен бизнес-жоспар құрып, оны облыс орталығында грант үлестіретін комиссия мүшелері алдында сәтті қорғап шыққан.
Жобам мақұлданған соң, қаражат 2 күннің ішінде түсті. Оған қоса, оқыту курсын тәмамдағаным үшін 15 мың теңге шәкіртақы берілді. «Женәбіл» жеке кәсіпкерлігі ретінде тіркелдік. Қыркүйек айында қой сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз. Қойдың бірнеше тұқымын өсіріп көреміз. Тәжірибе жасағаннан кейін мол өнім беретін тұқымды ғана асырау ойда бар. Солнечный кенті мен Сарықамыс ауылдық округі аралығынан 300 гектар жер алған едік. Қазір сол жерге қора салып жатырмыз, - дейді Әсемгүл.
Жас кәсіпкерлер алдағы уақытта «Игілік» бағдарламасына қатысып, ірі қара сатып алуды көздеп отыр. «Ниет болса, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға болады», - дейді Әсемгүл. Қолдау демекші, көпбалалы отбасыға ай сайын 86848 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын атап өткен жөн.