«Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға бүгінде 137 отбасы көшіп келгені белгілі. Өткен жұмада «Өнер» қалалық мәдениет орталығында қоныс аударушылармен кездесу өтті. Кездесуге Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Кәшкенова мен қала әкімі Нұржан Әшімбетов қатысты.
Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі басшысының орынбасары Үміт Айтбаева:
- Көшіп келген 821 адамның жұмысқа қабілеттісі - 259. Балалар саны - 562. Еңбекке қабілетті 259 адамның 60-ы жұмысқа орналастырылса, 75-і бала күтімінде отыр. Бүгінгі күні Екібастұзда - 329, атап айтқанда, кәсіпорындарда - 93, Білім мекемелерінде -175, денсаулық саласында - 38 және басқа мекемелерде 23 бос жұмыс орны бар. Мәселен, «Богатырь Көмір» ЖШС-де техникалық мамандар үшін 37 бос жұмыс орны тұр. «Проммашкомплект» ЖШС-інде 45 бос жұмыс орны, ал Екібастұз «МАЭС-1»-де 10 бос жұмыс орны бар. Аталмыш кәсіпорындардағы орта-ша еңбекақы 120 мың теңгені құрайды, - деп мәлімет берді.
Осы орайда қала әкімі «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-іне қарайтын екі кәсіпорында бүгінгі күні 100-ге жуық бос жұмыс орны барын тілге тиек етті.
Жиында өзін Айдарбек Мәменов деп таныстырған азамат жұмыс сұрады. Алты баланың әкесі отбасымен 2012 жылы Түркістан облысына қарасты Шардара қаласынан елордаға көшіп келіпті. Жеті жылға жуық уақыт пәтер жалдап келген отағасы «Нұрлы Ертіс» жобасымен көмірлі қалаға қоныс аударуға келісім берген. Бүгінде үш бөлмелі пәтерге ие болған Айдарбек Мәменов мұнаралы кранда жұмыс істепті. Енді Біздің қаладан мамандығы бойынша жұмыс таба алмай отырғандығын айтты. Бұл мәселеге қатысты Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер Бөлімінің басшысы Динара Баграмова: «Біліктілік са- наты сәйкес келмеген мамандарды үш айлық арнайы қайта даярлау курстарынан өткіземіз. Бөлімге келіп құжат тапсырыңыз», - деді. Сондай-ақ, жиында химия, Биология, тарих, география пәндері мұғалімдері Гүлсая Байдолбаева мен Толқынай Оспанова барлық мектептерге түйіндеме қалдырғанын, алайда жұмыс жоқ деген жауапты ғана естіп келе жатқандықтарын жеткізді. Қалалық Білім Бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаева: «Тамыз айының 15-інен бастап мектептерге қажет пән мұғалімдері анықталады», - деп жауап берді.
Жиында сонымен бірге, қоныстанушыларға көрсеті-летін әлеуметтік көмек сөз болды. Үш бөлмелі пәтерге 12 700 теңге, ал 2 бөлмелі пәтерге 9800 теңге төлейді. Сондай-ақ, коммуналдық шығындар бюджет есебінен өтеледі. Жалдау ақысы үшін мемле-кет қазынасынан әр отбасыға бір жыл бойы 75 мың теңгеге дейін қаражат аударылып отырады. Сондай-ақ, көпбалалы аналарға қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған. Бұған дейін абонементті «Нар Транс» ЖШС берген екен, алдағы уақытта Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінен берілмекші.
Жиында қозғалған мәселенің бірі - субсидия. Қоныс аударушы отбасылардың әр мүшесіне 88 375 теңге мөлшерінде бірреттік субсидия беріледі. Осы турасында Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Кәшкенова субсидияға құжат тапсырудың баяу екендігін жеткізді. Айтуынша, бүгінгі күні 137 отбасының екеуі ғана субсидия алуда. 54 отбасы субсидия алуға еніп отыр. Төлемдер басталыпты. Ал құжаттары өтпей тұрған қоныстанушылар балаларын оқуға дайындауға қауқарсыз екендіктерін айтып дабыл қақты. Осы орайда білім бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаева барлық оқушының «Мектепке жол» акциясы аясында киім-кешекпен, кеңсе заттарымен қамтамасыз етілетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, кездесуде балаларды спорттық секцияларға қатыстыру да сөз болды. Қалалық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Асылбек Резуанов қоныстанушыларға спорттық секциялар жайында мәлімет беріп, анықтама телефонын ұсынды. Және мектептің ішінде де спорттық секциялар тегін жүргізілетіндігін хабарлады.
Елордадан Екібастұзға қоныс аударған Индира Үмбетова ба-лаларын балабақшаға орналастыра алмай отырғандығын айтты. Белгілі болғандай, 2015, 2017 жылы туған екі баласына жолдама екі түрлі балабақшаға беріліпті. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жазира Амангелдіқызы екі баланы да қайтадан тіркеуге қою керектігін айтып, мәселенің алдағы уақытта шешілетіндігіне уәде берді. Жиында ата-аналар балаларын жаңадан ашылған №27 «Еркемай» балабақшасына тасымалдауға автобус қарастырылса деген өтініш білдірді. Бұған қала әкімі Нұржан Әшімбетов қалада қоғамдық көліктер жүреді, арнайы көлік бөлінбейді деп жауап берді. Жиын соңында шаһар басшысы екі аптада бір рет қоныстанушылармен кездесіп отыратындығын жеткізді және келесі кездесуге мектеп директорлары мен ірі кәсіпорындардың кадрлар жөніндегі мамандардың шақырылуын тапсырды.