1 шілдеден бастап Екібастұзда «100 үй, 100 аула» акциясы жүзеге асуда. Акция шеңберінде «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары көпқабатты тұрғын үйлерді әктеу, сырлау жұмыстарын бастады.
Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ризабек Әшірбековтің мәліметінше, тұрғындардың өтінішімен 100 үй іріктеліпті. Бұл іске пәтер иелері кооперативі қызметінің өкілдері де белсенді атсалысып, қол ұшын созуда. Әйтсе де «тұрғындар тарапынан қызығушылықтың аз болып тұрғаны қынжылтады», - дейді жастар.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Диана Әбенованың айтуынша, еңбек жасағы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әр студентке автобуста тегін жол жүру билеті табысталыпты. Жастар таңғы сағат 8.00-ден 13.00-ге дейін еңбек етеді. Еңбек жасағының құрамында қаламыздағы барлық колледждердің 100-ге тарта студенті бар. Акция бір айға созылады. Студенттер еңбегі үшін кем дегенде 70 мың теңге жалақы алатын болады.
Алғашқы күні жастар Марғұлан көшесі, 1 «А», 1 «Б»,3 «А» және М.Әуезов көшесі 67/2, 161 үйлердің даландарын ретке келтіруді қолға алған. Қала әкімі бас болып құрамында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар топ жастардың жұмысын көзбен көріп қайтты. «Жасыл ел» жасақшыларының жұмысына сын айтылып, олқылықтардың орнын толтыру тапсырылды. Сондай-ақ, еңбек жасағының жастарына жасалатын жұмыстың барлығы бақылауда болатындығы қатаң ескертілді.
Айта кетер жайт, «Жасыл ел» қалалық штабы құрылыс (кірпіш зауытына) және сауықтыру (Жасыбай көлі) жасақтарына жастарды жұмысқа қабылдайды. Еңбекақы - 70 мың теңге. Қосымша ақпаратты 340348, 87056064664, 87718012026 телефондары арқылы алуға болады.