Қазіргі таңда қаламыз шаһар шырайын, көшенің көркін кіргізетін мүсіндер және шағын архитектуралық пішіндермен безендірілуде. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арслан Қалиақпаровтың айтуына қарағанда, мүсіндер Астана қаласында жасалып жатыр. Қалада барлығы 19 мүсін орнатылмақ. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 11 млн теңге қаржы бөлінген.
Шыны керек, кіші архитектуралық фигуралардың бәрінің сәтті шыққаны соншалықты, қала тұрғындары мен қонақтар олардың жандарына барып суретке түсіп, қуанышқа кенелуде. Бұл шағын архитектуралық пішіндер көшеге көрік беріп қана қоймай, жастарды жан-жануар атаулыға қызығушылықпен, қамқорлықпен әрі сүйіспеншілікпен қарауға баулиды.
Ұлттық ұғымымызға, тарихи тамырымызға жақын, рухани мазмұнымен маңызы терең, заманауи үйлескен өнер туындыларын қаламыздың көшелерінен көрген қала тұрғындары оң пікірлерін білдіріп жатыр.
Зәуреш Қарағозина, қала тұрғыны: - Қаламыз күн санап көркеюде. Шұрық-шұрық болған жолдарымыз жөнделіп, көшелеріміз көгалдануда. Қаланың әр жеріне қойылған шағын архитектуралық формалар да алыстан көз тартады. Ұлттық тамырымызға жақындататын қазақи үлгідегі дүниелер қашанда көңіл қуантады. Қала көшелерінде елдігімізді білдіретін ерекше мүсіндер қажет-ақ.
Бұрындары редакцияға арнайы хат жолдайтын оқырман бүгінде пікірін әлеуметтік желіде еркін білдіреді. Қуанышын қалың көпшілікке әлеуметтік желі арқылы жеткізген қала тұрғыны Нұрсұлу Төлеубаева «Facebook» әлеуметтік желідегі парақшасында «Біздің «Атамұраның» алдына да осындай сәулет ескерткіші қойылды. «Түйе ботасымен жарасты, ас батасымен жарасты» - демекші, қалаға көрік беріп тұрған сәулет өнерін сақтайық!» - деп жазды.
Иә, қаланың көрікті көшелерінде ұлттық құндылықтарды сомдайтын осындай мүсіндер саны арта берсін!