Ағымдағы жылдың ақпан айында қала әкімі Нұржан Әшімбетов Солнечный кентінің тұрғындары алдында есеп бергенде бірқатар маңызды мәселелер көтерілген еді. 5 мыңнан астам халқы бар кенттегі басты мәселе - Екібастұз қаласына жолаушылар автобусының жоқтығы.
Жиында тұрғындар қалаға қатынағанда 2000 теңгені жолға жұмсауға мәжбүр екендіктерін айтқанда. Міне, бүгінгі күні түйткілді мәселе оң шешімін тауып, маршрутты субсидиялауға қала бюджетінен 5 млн 744 мың теңге қаржы бөлінді. Бұған дейін халыққа қызмет етіп келген «Абдрахманов» ЖК екі ортаға қатынаушы автобустардың тиімсіз екендігін айтып бас тарқан болатын. Алайда бюджеттен арнайы субсидия бөлінген соң жеке кәсіпкер биылғы жылдың 6 мамырынан 31 желтоқсанына шейін халыққа қызмет көрсететін болып келісіпті.
Маршрут 6 мамырдан іске қосылды. Екібастұз қаласынан Солнечный кентіне бірінші маршрут таңғы сағат 06.15-те шығады. Содан кейінгі кестесі - сағат 08.00, 10.00, 13.00, 15.00, 18.00-де. Ал кенттен алғашқы маршурт сағат 7.10-да қозғалады. Содан соң кесте-мен сағат 9.00, 11.00, 14.00, 16.00. 19.00-ге дейін жүреді.
Қала мен кенттің арасына жүретін бұл автобустың билет құны - 320 теңге. Зейнеткерлер мен 3-топтағы мүгедектер билет құнының 50 пайызын, яғни, 160 теңге төлейді. Ал көпбалалы аналар, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, І, ІІ топтағы мүгедектер, еңбек майданының ардагерлері, Ауған соғысына, Чернобыль апатына қатысқандар, «Алтын алқа» немесе ертеде «Батыр ана» атағын алғандар, соны-мен қатар, 1,2-дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері мен көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасылардың колледждерде білім алатын 1,2-курс студенттері тегін жүреді.