Екібастұз өңірінен шыққан үш бірдей Еңбек Ерінің Өлеңті өңіріне қатысы бар екен. Кеңес дәуірінде Социалистік Еңбек Ері атанған жылқышы Қали Қаленов Талдықамыста туса, Бөкен Қызғариннің еңбек жолының он жылы Өлеңтіде өткен. Ал Тәуелсіз Қазақстанда Екібастұз өңірінен алғаш «Алтын Жұлдыз» тағып, Қазақстанның Еңбек Ері атанған кенші Рышат Амренов Өлеңті мектебін біті-ріп, осы білім ордасынан еңбек жолын бастаған.
Өлеңтінің 60 жылдық тойы үстінде ауыл тарихынан, еңбеккер ерлер өмірінен сыр шертетін «Өлке тәжі -Өлеңті» кітабының тұсаукесері өтіп, лента қию рәсімін жоғарыда аталған еңбек батырларының бірі - Рышат Амренов, Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев және қос автордың бірі - журналист-жазушы Жассерік Сәдуақас атқарды. Айта кетерлік жайт, Жассерік Сәдуақас ауылдың 50 жылдық тойында жарық көрген «Өлеңті өрендері» кітабын жазған еді.
«Өлке тәжі - Өлеңті» кітабына келсек, 387 беттік кітап 10 тарауды және 24 беттік түрлі-түсті фотогалереяны қамтиды.
Кітап демеушілері: ауыл тумалары Серік Сәдуақасов, Бекжан Құлмағанбетов, Мақсат Жанахметов, Сансызбай Тасыбаев, Талғат Балабеков, Тұрсынғали Ордабаев, Сағиден Кәменов, Алексей Гриценко, Асылбек Рахымбаев, Асқар Әлин, Жаслан Бейсенов, Мақсат Жакупов, Алмаз Жаңбырбаев.
Кітап мазмұнын оқырман қауымға таныстырып өтер болсақ, «Ауыл тарихына үңілсек...» тарауында «Тай атауы туралы» (авторы - Д.Аяшинов), «Өлеңті қорғандары», «Өлеңті жаз-балары» сияқты тарихи-танымдық деректер топтастырылған. «Тойға тарту» тарауында той қарсаңында атқарылған игі істер, ауылдың бүгінге келбеті жайлы әңгімеленсе, «Кеңшарда қалған қолтаңба» тарауында кеңшардың әр жылдардағы басшыларының, ауыл тұрғындарының естеліктері шоғырланған.
«Тектілердің ізі қалған...» тарауын «Мәшһүр Жүсіптің атқосшысы Қанапия да Өлеңтіні мекен қылған», «Балабек ақын, Қажығали әнші», «Дәстүрлі әнші Қаржаубай» сынды материалдар әрлеген.