Абайды оқыдым, болдым, толдым деу - жаңсақ пікір.
Абай сан қырлы асыл тас сияқты. Оқыған сайын ғажайып бір дүниеге кіргендей күй кешесің.
Биыл дәстүрлі қалалық Абай оқулары ақынның есімін иеленген №2 қазақ орта мектебінде өтті. Оқу ордалары ішінде таңдаудың дәл осы мектепке түсуі де тегін емес. Аталмыш мектепке бұдан 25 жыл бұрын, яғни, 1995 жылы қала әкімдігінің шешімімен Абай Құнанбайұлының есімі беріліпті.
Мектептің безендірілуі де негізгі тақырыпқа сай болды. Әр қабатта Абайдың ізі сайрап жатты: қанатты сөздері ілініп, өмірі мен шығармашылығына арналған көрме жұмыс істеді.
Мектеп ардагерлері мен қонақтарды 5-6-сыныптың өнерпаздарынан құрыл-ған «Домбыра-дастан» ұлт аспаптары оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды. Көңілді шара мектептің акт залында мерекелік концертпен жалғасын тапты. Мектеп оқушылары мен ұстаздар байқаудың тұсаукесерін «Желсіз түнде жарық ай» әнімен кесті. 6-9-10-сы-нып оқушылары мен музыка пәні мұғалімдері: А.Батайұлы, Ж.Қабыкенов ақын өмірінің жарқын сәтінен шағын сахналық көрініс көрсетті.
Мектептің жас ақындары да қалыс қалмай, А.Сәтбаева, Д.Кабуловалар Абай Құнанбайұлына өлең арнап, жырдан шашу шашты. Ақынның табиғат лирикасы мен аудармаларын оқушылар 4 тілде оқыды. 1-сыныптың бүлдіршіндері де Абай Құнанбайұлының өнер-білім тақырыбына қатысты шығармашылығынан үзінді оқып, ел сүйіспеншілігіне бөленді. Абай Құнанбаев орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын сәтті аударып, «Татьянаны қазақша сөйлетті». 9-сынып оқушысы Карима Бейсенбай Абай мен Пушкиннің ортақ кейіпкерінің сөзін екі тілде де мүдірмей жатқа оқып, Татьяна образына кіре білді. Мектепішілік «Құлақтан кіріп, бойды алар» отбасылық ән сайысының жүлдегері: әкелі-балалы Қасымхан мен Махаббат Рай «Көзімнің қарасын» тамылжыта орындап, көрермен көңілінен шықты.
Байқаудың алдында сөз алған ардагер ұстаздар Күләнда Сүйрікбаева, Раушан Рахметуллина, Т.Ерғалиева қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау 8-11 - сынып оқушылары арасында 6 кезеңде өтті: «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы»; «Ұлылар әлемі», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»; «Көңілім әнді ұғады»; «Абайдың қара сөздері»; «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары».
Оқушылар байқауға ден қойып, жақсы дайындықпен келген екен. 2-3 сағатқа созылған шара мәресіне жетіп, алғашқы кезең - «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында №18 мектептің 10-сынып оқушысы Әсия Бейсенова 1- орынды жеңіп алды. Өзге ұлт өкілдері арасында №13 мектептің 11-сынып оқушысы Анна Ведерникова жеңімпаз атанды.
Екінші кезең - «Ұлылар әлемі» аталымында №25 қазақ қыздар гимназиясының 11-сынып оқушысы Лейла Албекова 1-орынға шықты. Өзге ұлт өкілдерінен №23 мектептің 8-сынып оқушысы Хаважи Атабаев жеңіске лайық деп танылды.
Үшінші кезең - «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» аталымында №17 мектептің 9-сынып оқушысы Гаухар Әкіш жеңімпаз атанса, өзге ұлт өкілдері арасында №23 мектептің 8-сынып оқушысы Хаважи Атабаев жеңіс тұғырына көтерілді.
Төртінші кезең - «Көңілім әнді ұғады» аталымында №26 мектептің 11-сынып оқушысы Алдияр Мәулитов 1-орынды қанжығасына байлады. Өзге ұлт өкілдерінен №24 гимназия-мектебінің 9-сынып оқушысы Виктория Браун жеңіске жетті.
Бесінші кезең - «Абайдың қара сөздері» аталымында №33 орта мектептің 9-сынып оқушысы Айшабибі Алтынбек 1-орынды жеңіп алды. Өзге ұлт өкілдері арасында Комсомол ауылдық мектебінің 8-сынып оқушысы Вера Хамитова 2-орынды иеленді.
Алтыншы кезең - «Абайдың ақын шәкірттері» аталымында №17 мектептің 8-сынып оқушысы Диляра Советова 2- орынды иеленді.