3 наурыз күні орталық қалалық кітапхана қабырғасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің редакторы, тіл жанашыры Жанаргүл Әбдікәрімқызы Қадырованың «Ер әкеме ескерткіш» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Шараға ақынның жерлестері - Баянауыл ауданы Жұмат Шанин ауылының (бұрынғы «Южный» кеңшары) тұрғындары, қаламгердің өлеңдерінің кейіпкерлері мен олардың ұрпақтары қатысты.
№25 қазақ қыздар гимназиясы мен С. Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің оқушылары ақынның «Әкенің көзі», «Әкеге сағыныш», «Менің апам - шебер», «Ұстаз», «Бақтыгүл Әбсаламқызына», «Нағашымның үйі», «Жарты алма», «Балалық шақтың музейі», «Сарыөлең саздары», «Машдвор», «Южный», «Сағымбек шалдың құдығы», «Әкесі құрдастың...», «Ақ бесік», «Шәкар тәте, сағыз үні және мен» өлеңдерін оқыды. Оқырман қауым ақынның анасы Раушан Түсіпбайқызымен, автордың балалық шағынан бергі өмірінің бір куәгері -«жарты алманы бөліп беруімен» ерекшеленген нағашы апасы Рымкеш Төлегенқызымен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстазы Бақтыгүл Әбсаламқызымен танысты. Кішкентай Жанаргүлдің есінде сартылдаған сағызымен қалған кеңшар бухгалтері -бүгінде зейнеткер Шәкар Сатымбекова да төрден табылды.
Жанаргүл Қадырованың сөзіне жазылған Арман Дүйсеновтің «Жасай бер, бауырым!» әнін «Атамұра» мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі, қаламыздың танымал әншісі Гүлмира Алданова нақышына келтіре шырқаса, ақын Жұмкен Арқалықұлы мен С. Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 11-сынып оқушысы, аға буынның өкшесін басып келе жатқан жас ақын Бексұлтан Қайдаров кеш иесіне жүрекжарды өлеңдерін арнады.
№25 қазақ қыздар гимназиясының 2 «Б» сынып оқушылары (сынып жетекшілері - Әпидаш Рахымжанова) ақынның «Менің апам - шебер» деген перзенттік махаббатқа толы өлеңін оқып, көрермен ықыласына бөленді.
Ауылдағы қайнаған тірлікті еске салатын «Машдвор» өлеңінің кейіпкері - Мейрам Смағұловтың ұрпақтары атынан ықылас білдірген қала тұрғыны Айдана Смағұлова: - Өлеңдегі «қысық көз, қара көп баланың» бірі менмін. Анамның жолын қуып, көпбалалы ана атандым, - дей келе, «Машдвор» өлеңін оқыған С. Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 8-сынып оқушылары Азамат Бекбаев пен Жанайдар Әбдраимовқа ақшалай сыйлық ұсынды.
Ақынның шығармашылық кешіне дос-жаран, құрбы-құрдастары да қатысып, кеш шырайын кіргізді. Атап айтсақ: әрі ақын, әрі ұлағатты ұстаз Гүлбаршын Арқалыққызы, «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Еркебайқызы, он саусағынан өнері тамған шебер Гүлперизат Өтебаева, өзі ақын, өзі шебер Айгүл Шынбергенқызы,сыныптас құрбысы Меңтай Диханқызы, әріптесі Айнұр Мейрамова қаламгерге гүл дестелерін сыйлады.
Кеш соңында Жанаргүл Әбдікәрімқызы қонақтарға ризашылығын білдіріп, балалық шақта басынан кешкен қызықты оқиғалар жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар, кеште «Сарыөлең саздары» өлеңін нақышына келтіріп оқығаны үшін С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 11 «А» сынып оқушысы Диана Төлеубаеваға Әлішер Кәрімовтің концертіне билет сыйлады. Республикалық Абай оқуларының жүлдегері, сонымен қатар, көпшілікке осы мектеп оқушылары - жас ақын Бексұлтан Қайдаровты, облыстық «Тұлпар мініп ту алған» сайысының жеңімпазы Айшабибі Алтынбекті таныстырып, қошемет көрсетті.
Өзім «Южный» деген ауылда болып көрмесем де, жүздері жарқын, ақ жүректі тұрғындарын көріп және ақынның ауылдастарына, туған жеріне арналған өлеңдерін тыңдай отырып, сол ауылда болғандай, сол адамдармен тілдескендей әсер алдым. Иә, ақын өз жырында жазғандай, «Ұл-қызың аяласа туған жерін, Арылмас құшағыңнан құт атаулы!».