Адам үшін қашанда кітаптың орны бөлек. Бала кезімізде оқыеан Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері», Николай Носовтың «Дымбілмес пен достарының хикаялары», Жюль Верннің «Он бес жасар капитан» кітаптарының қүндылығын жоғалтпай, әлі де оқырманның қолында жүруі кітаптын құдіреті емес пе?
Тарихқа назар салсақ, кітаптың қадірін ұққан, білімге талпынған елдердің қысқа уақытта дамығанының куәсі боламыз. Бүгінде техниканың озық үлгілерін жасауда алдына жан салмайтын жапондар басына қара бұлт үйірілген заманда, адамзат қасіретіне айналған атом бомбасының зардабы жойылмай тұрып елдегі кітапхана желісін қайта қалпына келтірген екен. Дала данышпандарының басын қосқан Отырар кітапханасының әлемге әйгілі болуы да кітаптың қаншалықты құдіретті екендігінің бір дәлелі.
«Жастар кітапханаға көп бармайды, кітап оқымайды» деген пікірлерді жиі естиміз. Расында да солай ма? Бәлкім, балалардың кітап оқуға құлшынысының жоқтығы ата-ананың кінәсі болар? Балаға бағдар беру, қызығушылығын ояту - ең бірінші ата-ананың міндеті.
Қаламыздағы орталық балалар кітапханасы түрлі шаралар ұйымдастырып, жасөспірімдердің кітапқа қызығушылығын оятып, бала мен кітап арасындағы алтын көпірге айналған. Негізгі оқырмандарын 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрайды екен. - Кітапханамызда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым - Қожа», Марат Қабанбаевтың «Жиһанкез Тити», Мұхтар Шахановтың өлеңдер жинағы көп оқылатын кітаптар қатарында. Жалпы қорымызда 20000-нан астам кітап бар, 4000-нан астамы қазақ тілінде. Өткен жылы оқырмандарымыз саны 3654-ті құраса, соның 2514-і - 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер, - дейді кітапхана меңгерушісі Гүлмира Елубаева. Балалар арасында М. Мақатаевтың өлеңдер жинағы, Қ. Сұлтанұлының «Қайсысы күшті», Ө. Ақыпбекұлының «Керек кітап», Ә. Ақпенбетұлының «Үш мақтаншақ» кітаптарына да сұраныс жоғары. Шетел әдебиетінен Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада», Джер Д. Сэлинджердің «Қара бидай арасындағы құрдым», Джейн Остиннің «Тәкаппарлық және жалған сенім» шығармалары көп оқылыпты. «Балдырған», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ», «Балалар әлемі» журналдарын жас оқырмандар асыға күтеді екен. Кітапханадан әлемдік бестселлердің қазақшаға аударылған нұсқасы - Ж. Роулингтің «Хәрри Поттер мен пәлсапа тасы», «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме», «Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны» кітаптарын алып оқуға болады.
Сондай-ақ, қалалық орталықтандырылған кітапханада балалар бөлімі жұмыс істейді. Балалардың жан дүниесіне сай безендірілген бөлмеде кітаптар тақырыптарға бөлініп, сөрелерге жас ерекшеліктеріне сай орналастырылыпты. Мұндағы «Өркен» шығармашылық орталығында жас оқырмандар бос уақытын мазмұнды өткеріп, түрлі интеллектуалдық үстел ойындарын ойнайды. Сонымен бірге, мүмкіндегі шектеулі жандардың «Бәрін өз қолымызбен жасаймыз» үйірмесі де жұмыс істеуде.
- Өткен жылы кітапхана қорынан 58 933 кітап берілген болса, соның 40587-сі - балалар бөлімінің кітаптары. Кітап алушы балалар саны - 2252. Кітапхана қорында 7800-ге жақын кітап болса, 4800-ден астамы қазақ тілінде. Балалар ертегілер, анықтамалықтар, жыр жинақтарын, қиял-ғажайып тақырыбындағы кітаптарды сұрайды, «Дисней» кітаптарының қазақ тіліндегі нұсқасын көп оқиды. Ең көп оқылатын кітаптар қатарында Абай Құнанбаевтың, Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары мен батырлар жыры да бар, - дейді кітапханашы Жұмабике Бектасова.