Екібастұз қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрастырған «Төртүй мен төртүйліктер» атты жаңа веб-ресурс іске қосылды.
Кітапханамыздың кітап қорында ауылдың 90 жылдық тарихынан сыр шертетін көптеген фотоматериалдар, мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген мақалалар жинақталған. Барлық дереккөздер жүйеге келтіріліп, осы жобаны іске қосу туралы шешім қабылданды.
Аталмыш веб-ресурстың құрылуына Екібастұз ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсемгүл Шахтаева мен ауыл мұражайы көп септігін тигізді. Сондай-ақ, Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайына да веб-ресурсты толықтыруға атсалысқаны үшін алғыс білдіреміз.
«Төртүй мен төртүйліктер» атты веб-ресурс 5 бөлімнен тұрады. Сайттың алғашқы беті оқырманды Төртүй ауылының, содан кейін «Екібастұз» кеңшарының құрылу тарихымен танысуға жетелейді. Төртүй ауылы туралы мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалалар «Мақала бетіндегі ауыл» атты бөлімде «Тарих қойнауындағы Төртүй», «Төртүй тынысы» және «Төртүйдің төбелері» атты тақырыпшаларға бөлініп топтастырылған. Әр қолданушы бұл жерде ауылдың тарихы мен экономикасы, ауылдың негізін қалаушылар мен әулеттері, ауылдың қазіргі жетістіктері жайлы мақалалар топтамасымен таныса алады. Мақалалардың сандық нұсқасымен «Оқу» сілтемесімен өту арқылы танысуға және жүктеп алуға болады.
Екібастұз өңірінде орналасқан ауылдар жайлы кітаптар кітапханаларымыздың кітап қорында сақтаулы. «Кітап бетіндегі ауыл» бөлімінен Төртүй ауылы жайлы «Совхоз «Экибастузский», «Екібастұз шежіресі», «Еңсесі биік қала» және т.б. кітаптардың сандық форматтағы нұсқаларын оқи аласыздар.
Веб-ресурстың «Галерея және видео» бөлімінен «Ауылдық кітапхана», «Ауыл тарихы», «Екібастұз ауылдық мектебі. Тарихы», «Екібастұз учаскелік ауылдық ауруханасы. 1974 жыл», «Төртүй ауылының мұражайы» және «Төртүй - 2020» фотоальбомдарын тамашалай аласыздар. Бейнетаспалар совхоз, ауыл тарихы, су тарту, ауылдың 90 жылдығын тойлау жайындағы хроникаларға толы.
Басты бетте «Қонақжай кітабы» орналасқан. Сол жерде біздің жобамызға қатысты пікір, ұсыныстарды жазуға болады. Егер сізде Төртүй ауылының тарихына қатысты баспа және фотоматериалдар болса, оларды «Бізбен байланыс» бөлімінде орналасқан пошта арқылы жібере аласыздар. Олар міндетті түрде веб-ресурста орналастырылады.
Веб-ресурсты мына сілтеме бойынша: https://lib-ekb.wixsite.com/tortuy-ekibastuz-ru немесе Екібастұз қ. ОКЖ сайтының басты бетінен http://lib-ekb.kz/ табуға болады.