Қалалық орталық кітапхана әдебиетші қаламгерлер, суретшілер, кинорежиссерлер, т.б. кездесуінен жүргізілетін телекөпірлерге қатысып тұрады. Бұл - кітапхана қызметкері Евгения Щебетунның соңғы кезде енгізген жаңалығы.
Жұма күні әйгілі карикатурашы, балалардың сүйікті ертегілерінің суретін салған Виктор Чижиковпен телекездесу өтті. Кездесуде Виктор Александрович оқырмандар сұрағына жауап берді.
Виктор Чижиков - 1980 жылғы Олимпиаданың символына айналған олимпиада аюы образының авторы. Ол көптеген балалар кітабының суреттерін салған белгілі иллюстрат. Виктор Александрович бала кезінен сурет салуды жақсы көрген. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ертегілерге иллюстрация жасағанды ұнатады екен. Шарж, карикатура өнерін сүйген баланың кейін сурет өнерін игеруіне оның дальтонизммен ауыратыны да кедергі бола алмаған, (дальтоник -түстерді ажырата алмайтын адам - автор).
Кейін Мәскеу полиграфиялық институтын бітіріп, кәсіби суретшіге айналған. В.Чижиков «Крокодил», «Веселые картинки» «Мурзилка», «Вокруг света» журналдары үшін сурет салған. Кейін «Вечерняя Москва», «Пионерская правда», «Юный натуралист», «Огонек», «Пионер», т.б. баспаларда қызметте болған. Оның республикалық «Балдырған» журналы үшін де сурет салғанын біреу білер, біреу білмес. Мультипликацияға да еңбек сіңірді.
Тележүздесу барысында Екібастұз қалалық кітапхана қызметкері Евгения Щебетун суретшіден олимпиада аюы туралы айтып беруді сұрады.
- Олимпиада символы бұлан не басқа хайуан болуы да мүмкін еді. Сол жылдары «Хайуанаттар әлемінде» деген хабар жүруші еді ғой. Сол хабардың жүргізушісі Николай Дроздов телекөрермендер арасында сауалнама жүргізіп, олимпиада символын одақ болып таңдады. Таңдау аюға түсті. Аю шын мәнінде символға айналып, жұрт онымен жылап қоштасты. Аю магниттер, сувенирлер, күнтізбе, саптыаяқ, т.б. Аз ғана уақыттың ішінде айнала дүние олимпиада аюын әлемге паш етті. Бірақ бұл менің ғана еңбегім емес. Бұл - Н.Добронравовтың сөзіне жазылған А.Пахмутованың әдемі әні, оны Л.Лещенконың керемет орындауы, алып аюдың көкке көтерілуі: осылар-ды үйлестірген олимпиада режиссері Г.Тумановтың, бәрі-бәрінің кешенді жұмысының жемісі дер едім, - деп байыппен жауап берді автор.
Бұдан әрі сұрақтарға жауап берген суретші басынан өткен қызықты оқиғаларды айтып берді. Соның бірінде Виктор Чижиков балаларға арналған ертегілер мен өлеңдердің авторы Корней Чуковскиймен кездесуі туралы әңгі-меледі.
- Ол кезде бала едім. Әкем екеуміз қайықпен серуендеп келе жатсақ, жазғы театрда К.Чуковскиймен кездесу болатыны хабарланып жатыр екен. Ескекті тезірек есіп, жағаға шықтық та, алаңдағы артқы орындықтардың біріне барып отырдық. Корней Иванович әр өлеңін, әңгімесін оқыған сайын көрермен құшақ-құшақ гүл сыйлайды. Оған сыйлап жатқан гүлдердің ішінде ерекшесіне көзім түскен менің балалығым ұстап кетті ме, жүгіре басып, «Мына гүл шоғын маған беріңізші!» - деп айғайладым. Гүлді маған ұсынып тұрып: «Оны қайтесің?» - деп жымиды. Мен: «Анама апарып беремін ол осындай гүлдерді жақсы көреді», - дедім мақтанышпен. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз еді. Кейін оның кітаптарына иллюстрациялық суреттер салдым.
Орыс драматургі, балалар ақыны Сергей Михалковпен бірлесе жұмыс істеген В.Чижиков оның «Үш торай», «Қырсық қозы» «Кеудемсоқ қоян», «Жалғыз көзді сайрақ» ертегілеріне көңілді суреттер салып, кішкентай оқырмандардың ыстық ықыласына ие болған.
Карикатурашымен тележүздесуге Ресейдің көптеген қалаларынан, Башқұртстаннан, т.б. жиналған көрермендер онлайн чатта сауалдарын қойып, тілектерін жеткізді.
Орталық кітапхана қызметкері Евгения Щебетун былтыр Мәскеу қаласына барған екен. Сондағы А.Вознесенский атындағы кітапханаға арнайы кіріп, жаңалықтарымен танысқан. Жаңғырту шаралары жүргізіліп жатқанын, мәдениет саласына көп қаржы бөлінетінін айтты. Қазіргі кезде А.Вознесенский кітапханасына күрделі жөндеу жүргізілмекші екен.
- Ресей кітапханалар жүйесі бірігіп әйгілі адамдармен, аты жаңа шыға бастаған ақын-жазушылармен, мәдениет майталмандарымен онлайн кездесулерді жиі өткізеді. Онлайн жүздесулерге қатыса бастағаныма бір жарым жыл болды, - дейді Евгения.
Былтыр Ресей жазушысы Мария Метлицкаямен, британдық жазушы Диана Сеттерфилдпен кездесулер болған екен. Алдағы қараша айында қазіргі заманғы орыс жазушы Андрей Геласимовпен, одан кейін сценарист Алексей Ивановпен, т.б. жүздесулер жоспарланған. Евгенияның айтуынша, ол ресейлік әріптестерімен Facebook арқылы танысып, телекөпірлерге қатысуға мүмкіндік алған.
- Онлайн кездесуге келгендердің қайсысына болсын сұрақ қойсам, Қазақстанға қатысты болған жағдайларды айтуға тырысады. Мысалы, Виктор Чижиков бір кездері қазақстандық баспалармен де жұмыс істеген. Ал әдебиетші, жазушы Евгений Водолазкиннің әйелі Қарағандының қызы екен, - дейді Евгения Геннадьевна.
Бұған дейін телекөпір Ресей кітапханалары арасында ғана жүргізілген екен. Екібастұз қаласынан кейін Германия, Израиль елдері де қосылыпты. Телекөпірдің халықаралық деңгейге шыққанына ресейлік әріптестері де қуанышын білдіріпті. -
Осындай онлайн кездесулер біздің елімізде де қолға алынса екен. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнер адамдарын, қолөнершілерді көпшілікке осылай танытуға болар еді. Жаңа есімдерді қалың жұртшылыққа паш етер едік. Бұл оқырманды да көбейтері сөзсіз, - дейді Е.Щебетун.
Орталық кітапханада өтетін телекөпір туралы олардың Facebook, Instagram парақшаларындағы жаңалықтардан білуге болады.